Төтенше жағдайларды хабарлайтын «Darmen» мобильдік қосымшасы іске қосылды  

193

Еліміздің тұрғындарының қауіпсіздігі үшін «Darmen» мобильдік қосымшасы іске қосылып отыр. Ол дауылды гидрометеорологиялық құбылыстар, сейсмикалық қауіптілік қатерлер, қысқы кезеңде автомобиль жолдарының жабылуы туралы халықты уақытылы хабардар етуге мүмкіндік береді.

«Darmen» мобильді қосымшасы «Play market» және «App store» жүйелерінде қолжетімді. Бұл туралы Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының бастығы Бақытжан Запаров мәлімдеді.

Түркістан облысында 2018-2019 жылғы жылыту маусымында орын алған жағдайларды ескеріп биылғы жылы жылыту маусымында улы газдан уланудың алдын алу жұмыстары маусым айынан басталған болатын.

«Департаменттің бастауымен облыстық деңгейде құрамында әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері бар екі топ құрылды. Аталған топтармен 16 аудан, 32 елді мекенде улы газдан уланудың алдын алу және жазғы  маусымда суға шомылу қауіпсіздігі тақырыбында жалпы саны 5 мыңнан аса адамды қамтыған үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Облысымыздың көпбалалы және тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыстық әкімдіктің қолдауымен 34 389 үйге газосигнализатор орнатуға қаржы қарастырылған болатын.

Бүгінгі күнге 16 мыңнан астам үйге осы қондырғылар орнатылды. Қазіргі таңда Отырар, Қазығұрт, Бәйдібек, Төлеби, Сайрам, Мақтаарал, Түлкібас аудандарында құрылғына орнату жұмыстары толық аяқталып, қалған аудандар аяқтау үстінде», – деді Б. Запаров.

Сонымен қатар, облыста 384 адамнан тұратын 78 топ құрылған. Бұл іс-шараға 92 ерікті студенттер де жұмылдырылды. Бұл құрам 8520 үйді аралап, нәтижесінде 3127 үйдің пеш қондырғысы  жөнделген. Сондай-ақ, 3015 үйдің электр жүйелері ретке келтіріліп, 2490 үйдің мұржасы тазаланды.

Облыс тұрғындары жылыту маусымының алдында өрт қауіпсіздігінің ережелерін сақтап, алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет. Атап айтқанда,  қатты отынмен қатар газдағы жылыту құралдарының жағдайын тексеру,  түтін мұржаларын күйеден тазарту, мұржадағы барлық жарықтарды бітеу, пеш есіктеріндегі тосқауылдарды тексеру, түтін шығарғыштардың жай-күйін тексеру үшін білікті мамандарды үйге шақыру, электр сымдарының жай-күйін тексеру, электр желісін, сонымен қатар желіге бірнеше тұрмыстық техникаларды қоспау.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі