Тұрғындар электр қосалқы станциясының қабірлермен қабаттаса орналасуы барып тұрған сорақылық дейді. Мердігерлер Тассай шағынауданындағы қорымда құрылыста бастап жіберген. Қақпа мен шарбақты бұзып, бетонды блоктар орнатуда.
Тассай шағынауданының тұрғыны Алексей Ивлевтің айтуынша, бұл жерде бетонды шарбақ болған екен. Бұл орында бұрын ұжымшардың жанар-жағармай бекеті орналасқан. Қазір оны алып тастаған.
«Қорымда құрылыс жүріп жатқанын ести сала жетіп келдік. Мұнда қақпаны қиратқан, шарбақтардың барлығын алып тасаған. Құрылыс жүріп жатыр. Біз олардың үстінен жергілікті полицияға шағым жолдадық, енді прокуратураға да шағыммен шығуға мәжбүр болдық»,- дейді Наталья Григорьева.
Қорымның күтімі осындағы тұрғындардың мойнында. 2005 жылдан бері аумақты шарбақтап, биыл құжаттарын рәсімдеп оны Сайрам ауданының тиісті мекемесіне де тапсырған. Тассай шағынауданы қаланың құрамына өткеннен бері қорымға құқықты растайтын құжаттар табылмай жатыр.
Тассайлықтар қорымды қорғап қалуға бекінген. «Біз өзіміздің құқығымызды қорғаймыз. Бұл жер бөлігін аяғына дейін қорғаймыз. Өйткені мұнда туыстарымыз жерленген. Егерде қажет болса қарсылық білдіріп жатуға да дайынбыз», деп отыр.
Қалалық қорымдардың бір бөлігі энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының теңгерімізде. Тапсырыс беруші де осы орган.
Шоқан Айдарбек, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы: «Басқа жер жоқ. Жобаның құны 1 млрд. 25 млн. теңге. Нысан келесі жылы шілдеде аяқталады. Энергия таратушы нысан осындағы 5 мыңға жуық үйге электр энергиясын береді. Және ол аз ғана 20х20 метр жерді алады. Барлығы қоршалады».
Тұрғындар энергия таратушы құрылысының жобасын қайта қарауды талап етуде. Марқұмдармен жапсарлас тұрғызылып жатқан маңызды нысанға басқа аумақтан жер телімі қарастырылуы қажет дейді.
Шынар Оразова