Қыстың қақаған аязында көмір тасып, от жағу – көпшілікке таныс тірлік еді. Бүгін сол бейнет артта қалды. Шымкенттің екі шағынауданына көптен күткен көгілдір отын жетті. Инфрақұрылым игілігін көрген тұрғындардың қуанышына қала әкімі де ортақтасты.
Қаладағы 2 шағынауданға көгілдір отын жеткізілді. Нәтижесінде 1000-нан аса үй табиғи газға қосылды. Соның бірі Әбдіжаппар Майлыбайұлының шаңырағы. Ақсақалдың үй-ішімен мегаполиске көшіп келгеніне 15 жылға жуықтаған. Бұған дейін жекеменшік мекемеден газ пайдаланған әулет енді мемлекеттік құбыр арқылы берілген сапалы газдың игілігін көріп отыр.
ӘБДІЖАППАР МАЙЛЫБАЙҰЛЫ. ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Газ келейін деп жатыр біздің шаңыраққа. 2019 жылы фундамент құйдық, 2020-да кірпішін қаладық. Міне, біздің отбасына жала жыл мерекесінен өкіметтен, осында жұмыс істейтін жігіттерден сыйлық болып жатыр. Елімізге рақмет, жұртымызға рақмет»
Тассай тұрғын алабын газдандыру бірнеше кезеңмен жүргізілді. Алғашқы екі кезекте 2 566 абонент көгілдір отынға қол жеткізсе, үшінші кезең аясында тағы 775 үй қосылды. Инженерлік желі тарту жұмыстары 2021 жылы басталған. Ал инфрақұрылымның игілігін қала басшысы өз көзімен көріп, тұрғындар жағдайын көріп қайтты.
Көгілдір отын келіп көңілі жайланған халық жауапты мамандарға алғысын айтып, ақ батасын берді.
Үш кезең бойынша салынған газ желісінің жалпы ұзындығы 68 шақырымнан асады. Жоба аясында Тассай аумағындағы 3 341 тұрғын үй сапалы табиғи газбен қамтылды.
Алтын төбе тұрғын алабы қаламыздың шеткі аймағы саналады. Мұнда да көгілдір отын жеткізілді. Тұрғындар инфрақұрылымды 10 жыл күткен екен. Ал қазір сапалы әрі қысымы жоғары газ жанып тұр.
Қала тұрғыны Сайра Нұрлыбаева қыста үйін жылыту үшін бұған дейін от жағып, күл шығарған. Айтуынша, от жағу үшін күнұзақ үйде адам қалдыру қажет еді. Кейін жекеменшік газ таратушы келгенімен, қысымның төмендігі қолайсыздық туғызған. Ал жыл соңында орталық жүйе іске қосылып, алаң көңіл сейілді дейді.
САЙРА НҰРЛЫБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Енді кеше қосып берді. Әдемі жанып тұр тап-таза болып. Үйіміз жылып қалды. Әдемі. Күшті. Рақмет өте ризамын. Табысты болсын өкіметіміз. 10 жылдай болды келгенімізге. 5-6 жылдай көмір жақтық. Күйе күйе болып жүретінбіз. Енді бір адам босап қалды. Бір адам отырып жағып отыратын едік қой»
Алтынтөбе тұрғын алабына тартылған газ құбырының ұзындығы 12 шақырымнан асады. Нәтижесінде 343 үй орталық жүйеге қосылу мүмкіндігіне ие болды. Жұмыстың қорытындасын қала басшысы бақылап қайтты.
Жаңа нысандарды іске қосу арқылы мегаполистегі газбен қамту көрсеткіші айтарлықтай артқан.
РЗАБЕК МЕҢДІҚҰЛОВ, ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Осы Тассаймен 3 кезеңмен бітеді. Бүгін Тассаймен қоса Алтын төбені газбен қамтимыз. Осы 2 нысынды қосқанда қаланың көрсеткіші 98,5 пайызды құрайды».
Осылайша, биылға белгіленген жоспар толық орындалды. Алдағы уақытта қаланы түгел көгілдір отынмен қамту үшін компрессорлық станция салу көзделіп отыр.
Әсел Мәлік






