Той өткіземін деп, қазан-ошақ жалға алып сатып жіберген күдікті ұсталды

900

Қазығұрт АПБ-не той-жиынға қажетті заттарды жалға берумен айналысатын әйел, жергілікті тұрғын арызданады. Ол өз арызында белгісіз азамат келіп, інісіне той жасап жатқанын айтып базар бағасымен 150 000 және 80 000 теңге тұратын 2 дана қазанын және 1-дана 60 000 теңге тұратын су қайнататын гүбін жалға алып кетіп, белгіленген күні қайтарып бермегенін, содан хабарсыз кеткенін көрсетеді.

Аталған жайт Қазығұрт АПБ-де СДТТБТ-не енгізіліп ҚР ҚК-нің 195-бабы «Алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен мүліктік залал келтіру» бойынша тіркелді. Орын алған қылмысты ашу мақсатында аудандық тәжірибелі полицейлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

Полицейлер жақын арадағы бейнебақылау камераларын тексеріп, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде бейнебақылау камерасына түсіп қалған бейне арқылы күдіктінің жеке-басын анықтайды. Сол арқылы күдіктіні өз үйінен ұстады. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Тергеу барысында күдіктінің бұрында сотты болғаны анықталды. Сондай-ақ жеңіл жолмен ақша табу мақсатында Қазығұртта ешкім танымайтынын біліп, арнайы қазан-ошақ жалға беретін орынды сұрастырып, 3 күнге деп ақысын төлеп алып кеткені белгілі болды. Содан жалға алған заттарын темір қабылдайтын орынға сатып жіберген. Тәртіп сақшылары темір қабылдайтын орынға барып, айғақты зат ретінде жәбірленушінің қазандарын тауып алып, заңды иесіне қайтарды.

Өз кезегінде жәбірленуші аудандық полицейлерге жоғалған қазандарын тауып бергені үшін алғысын білдірді. Тәртіп сақшыларының тәжірибелі, нағыз өз істерінің маманы екеніне көзі жеткенін айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

Түркістан облысы полицейлері азаматтарға, жеке кәсіпкерлерге бағалы заттарыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Және өздеріңізге жақсы таныс емес азаматтармен абайлап қарым-қатынас жасауға кеңес береді. Ал егерде сіз, алаяқтарға алданып немесе заттарыңызды ұрлатсаңыз тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі