Шымкентте жыл басынан бері газдан уланған 7 адам көз жұмды

216

Газдан улану. Шымкентте жыл басынан бері жылыту маусымында жиі орын алатын төтенше жағдайдан 7 адам көз жұмды. Ал,мерекелік демалыста 101 пультіне 7 рет қоңырау шалынған.

Шымкентте 1 тәулікте иіс тиген 7 оқиға тіркелді. Одан зардап шеккендердің саны 28 адам. Құрбандар жоқ. Дегенмен, бұл сандар құтқарушыларды кәдімгідей сескендіріп отыр.

Бахадыр Расулов, Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы бойынша ТЖ бөлімінің бастығы: «Өздеріңізге белгілі,7 оқиға болды. 28 адам жарақат алған.Оның себебі көбісі үйінде болып, жылыту жүйелерін дұрыс пайдаланбағандықтан улану оқиғасы болып жатыр. Оның алдын алу үшін қарқынды үгіт насихат жұмыстары жүргізілді. Қала тұрғындарынан жылыту жүйесіне қолданғанда қауіпсіздік ережесін қатаң сақтауды сұранамыз».

Қауіпсіздік шараларын түсіндіру жұмыстары «Самал», «Ынтымақ», «Қазығұрт» шағынаудандарымен қатар бірқатар көшелерде жүргізілген. Халыққа көгілдір отын жайында үгіт-насихатты мамандар арнайы демалыс күндері жүргізді. Жұмыс күндері тұрғындар үйлерінен табылмайды. Нәтижесінде, 1 тәулікте 2000 үйді аралап, 3000 адам алдын алу жұмыстарымен таныс болды.

Нұрболат Дербісов, Шымкент қаласы ТЖД басшысы: «Күн салқын болған соң барлық тұрғындар терезе есіктерін қымтап ұстайды. Үйді жылыту үшін қосымша электр тогын қосады.Олардың көбісі газ арқылы жұмыс істегеннен кейін улану процессі өршейді».
Сондай-ақ, аталмыш рейдке «ҚазТрансГаз» өкілдері де қатысты. Әр үйге кіріп, жылу жүйесінің жұмыс істеу барысын тексерді. Газдан ақауы бар үйлерге ескерту жасап, 5 күн ішінде қайта жөндеуіне мүмкіндік береді.

Бауыржан Байтөреев, «ҚазТрансГаз» АҚ Шымкент қаласы филиалының өндірістік-техникалық бөлімінің бас маманы: «Ақау 5 күн ішінде жойылуы үшін алдымен ескертіледі. 5 күн өткен соң тексеруге қайта шығамыз. Егер бұзушылықтар жойылмаса газды сөндіруге тура келеді».

Айта кетейік, жыл басынан бері қалада газдан улану бойынша 7 адам қайтыс болған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге азайды. Дей тұрғанмен қайғылы оқиғаны мүлдем болдырмау басты мақсат.

Нұрлан Сұлтанбек