Úı Jańalyqtar Түркістан облысы жылыту маусымына дайын ба?

Түркістан облысы жылыту маусымына дайын ба?

Түркістан облысынында дәл қазір қала, аудан әкімдіктері жылыту маусымына толық дайын емес. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімі Нұралхан Көшеров хабарлады. Ол жауапты мамандарға жұмысты шұғыл аяқтауды тапсырды.

Түркістан облысы әкімдігінде жылыту маусымына дайындық жұмыстары пысықталды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төралағымен өткен жиынға жылыту маусымына жауапты сала басшылары мен қала, аудан әкімдері қатысты.  Әкім әрбір әлеуметтік нысан мен тұрғын үйдің жылумен қамтылуын, отын қорының жеткілікті болуын, жылыту жүйелерінің ақаусыз жұмысын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Белгіленген міндеттерді уақытылы әрі сапалы орындалуы, атқарылған жұмыстардың нәтижесі тікелей бақылауында болатынын алдын ала ескертті

Нұралхан Көшеров, облыс әкімі: «Аудан, қала әкімдері тиісті мекемелермен бірлесін қазан айының соңына дейін 100 пайыз қосылуын қамтамасыз етуі керек. Газ бойынша күнделікті мәліметтерді ұсынып отыруды тапсырамын. Жылыту маусымына тікелей жауапты екеніңізді ескертемін. Бүгінгі таңда аудан, қала әкімдіктерінде жылыту маусымына дайындық толығымен аяқталмаған. Бұл тиісті бақылау жұмыстары өз деңгейінде емес екенін көрсетуде. Сондықтан тиісті үйлестіру және ұйымдастыру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуді тапсырамын. Жылыту қазандықтарын жөндеу жұмыстарын шұғыл түрде толық аяқтауды тапсырамын».

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегінше,  жылыту маусымына дайындық үшін өңірлік штаб құрылған. Штаб дайындық жұмыстарын бақылауда ұстап отыр. Мысалы, Кентау қаласында  6 қазандықты техникалық бөлігінің құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталған. 1 шақырым магистральды жылу желісі қайта құрылған.

«Жалпы облыстағы бюджеттік мекемелердің дизель отынына қажеттілігі 3,146 млн. литрді құрайды. Бүгінде оның 3,103 млн. литрі тасымалданған. Көмір отынының қажеттілігі 594,3 мың тонна болса, бүгінде оның 325,6 мың тоннасы жеткізілген. Атап айтқанда, бюджеттік мекемелер – 100%, жеке тұрғындар – 77%, жылыжайлар 22%-ға қамтылған».

Түркістан облысында жылумен қамтамасыз ету 7 кәсіпорынға тапсырылған. Онда 1 жылу энергетика кешені, 36 орталықтандырылған қазандық және 2 мыңнан аса автономды қазандық бар. Айта кетейік, бүгінде жылыту маусымы Түлкібас ауданында басталған. Қалған аудан, қалаларда жылу 15 қазан мен 1 қараша аралығында беріледі деп жоспарлануда.

Дилара Иса