Келес АПБ-не жергілікті тұрғын арызданды. Ол өзінің арызында 2006 жылы туылған ұлының үйден белгісіз бағытқа шығып кетіп, содан қайта оралмағанын жеткізді.
Ұлының аман-есен оралуы үшін көмек беруін сұраған ақ жаулықты анаға полицейлер көмек көрсетті. Аталған жайт Келес АПБ-нің СДТТБТ-не тіркеліп, аудандық полицейлер баланы табу жұмыстарына шұғыл кірісіп кетті. Тәртіп сақшылары облыс бойынша әр аудан қаладағы Полиция бөлімдері мен басқармаларына бағыттамалар жолдап, жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жақын аймақтарды аралап, баланың баруы мүмкін деген жерлерді мұқият тексерді. Нәтижесінде жоғалған 13 жасар баланың Тараз қаласындағы кәмелет жасына толмаған балаларды бейімдеу орталығында екендігі анықталды. Ақпарат көздері арқылы ауданның екі полицейі, баланың анасы, ағасы Тараз қаласына барып, жоғалған баланы тауып алып, отбасына аман-есен қайтарды.
Ата-анасы, баласымен психологтардың қатысытырылуымен профилактикалық әңгімелесу жүргізілді. Тергеу барысында кәмелет жасына толмаған бала, бұдан алдында үйінен кетіп, 2 күннен кейін Шымкент қаласынан табылғандығы анықталды.
Полицейлер тексеру жұмыстары аясында бұл жолы оның үйінен ақша алып кеткенін анықтады. Содан Келес ауданының орталығы Абай ауылына барған, одан ары Шымкент қаласына жеткен екен. Қызық қуған бала мұнымен қайтпай, қалааралық автобусқа отырып, Тараз қаласына барған. Осында коньки тебетін орындарда қыдырған. Осы күндер аралығында автовокзалдарда түнеген. Кәмелет жасына толмаған баланың қараусыз жүргенін байқаған автовокзалдағы қарауыл тиісті мекемеге хабарласқан. Жоғалған баланың тәртіп сақшыларына айтуынша, ол жәй қыдырып жүрген. Бұл жағдайға аса мән берген полицейлер тиісті шараларды жүргізіп, есепке қою мәселелерін жасауда.
Өз кезегінде баласымен аманшылықта қауышқан ана полицейлерге рахметін жаудырды: «Келестік полицейлер бізден бетер, күн-түн демей іздестіру жұмыстарын жүргізді. Баламыздың аман-есен табылатынына сендірді. Жан-жақты қолдау білдірді. Үлкен алғыс. Баламды тауып бергендері үшін»-деп ыстық ықыласын білдірді. Түркістан облысы полицейлері ата-аналарға балаларыңызды қараусыз қалдырмауды ескертеді. Қашанда ұл-қызыңызбен сырласып, дос ретінде қарым-қатынас орнатып, мәселелері болса, бірінші біліп, бірге шешуге талпыныңыздар деп кеңес береді. Ал, егерде балаңыз хабарсыз, жоғалса тез арада полицияның «102» телефонына хабарласыңыздар.