Түркістан облысында 168 қонақ үй, 51 шипажай, 60 демалыс базасы қызмет көрсетеді

367

Өңірлік коммуникациялар қызметінде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев өңірдегі кәсіпкерлік, инвестициялар және экспорт, туризм, табиғат қорғау салалары бойынша 2019 жылы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, баспасөз жиынын өткізді.

Жиын барысында Мейіржан Иябайұлы өткен жылы нәтижелі жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді.

Айтуынша, өткен жылы облысымызға тартылған инвестициялар 442 млрд. теңгені құрады, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 39%ға жоғары.

«Біздің өңір соңғы жылы инвестиция тарту орталығына айналды. 2018 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда облыс инвестициялардың өсу қарқыны бойынша Республика деңгейінде 14-орыннан 2-орынға көтерілді», деді Мейіржан Иябайұлы.
Сонымен қатар, 2019 жылдың 11 айында Түркістан облысының экспорт көлемі 632,1 млн. АҚШ долларын құрағандығын, экспорт географиясы айтарлықтай кеңейтіліп, бүгінде экспорт нарықтарының саны 36-ға жеткенін мәлімдеген әкім орынбасары, үстіміздегі жылы бұл бағытта жұмысты одан да күшейтетінін тілге тиек етті.
Сондай-ақ, Түркістан облысында 141 992 шағын және орта кәсіпкерлік субъекті жұмыс істейді. Аталған көрсеткіш бойынша облысымыз Республика бойынша екінші орында тұрғанымен, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерімен 450 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өндірісі көлемі бойынша Түркістан облысы 1 орынға көтерілді.

Облыс әкімінің орынбасары экономикалық көрсеткіштермен қатар, облыстағы туризм саласындағы жетістіктерді де атап өтті.

«Жалпы өткен жылы Қ.А.Яссауи кесенесіне келген келушілер саны 1,5 миллионды құрады. Бұл көрсеткішті 2025 жылы 5 млн-ға жеткізу жоспарға қойылған. Бұл Түркістан қаласының туристік әлеуетінің, оның ішінде тарихи-мәдени мен мінәжат ету туризмінің әлеуетінің жоғары екендігін көрсетеді және бұл көрсеткішті 2025 жылы 5 млн. келушіге жеткізуді көздеп отырмыз»,деді.

Айта кету керек, жалпы облыс бойынша 168 қонақ үй, 51 шипажай,60 демалыс базасы қызмет көрсетеді.

Облыс аумағында экологиялық, тарихи-танымдық туризм бағытында 57 туристік маршрут әзірленген.

Қазіргі таңда, Түркістан қаласында орналастыру орындарын халықаралық талаптарға сәйкестендіру үшін қонақ үйлер күрделі жөндеуде өткізілуде.

Мейіржан Иябайұлының айтуынша, Түркістан қаласында туристерге толық ақпарат ұсынатын «Визит орталықтың», «Ұлы Жібек жолының ұлттық дәстүрлі қолөнер орталығының», халықаралық әуежайдың, «Яссауи мұражайының» және т.б. нысандардың құрылысы жүргізілуде.2020 жылы Х.А.Яссауи мұражайы, «Ұлы Дала Елі» орталығы, Конгрес холл, Драма театры, әуежай, Атракциондықалалық саябақ іске қосылатын болады.

Өз кезегінде, облыс әкімдігі мұндай масштабты құрылыстарды жүргізу барысында қаланың тарихи көрінісін сақтап қалуды басты мақсат етіп отыр.