Жас кәсіпкер түрлі – түсті құрт жасау кәсібін дөңгелетіп отыр

804

Ауыл ішінде мал бағып, өнімдерін кәдеге асырып, ескі үрдісті ұстанған отбасылар бүгінде кемде – кем. Өзі жас болса да осы үрдісті жаңғыртып, батыл қадамға барып отырған жас кәсіпкер Аскер Назерке бүгінде жұмыссыз жастарға үлгі.

Бала кезінен әжесінен, анасынан ағарғаннан әртүрлі тағамдар жасауды үйренген Назерке заман талабына сай түрлі – түсті құрт жасап, несібесін кәсібінен тауып отыр.

Аудандық кәсіпкерлік палатасына жас кәсіпкер ретінде тіркелген Назерке «Бастау-бизнес» жобасы бойынша арнайы курстан өтіп, сертификат алғандардың бірі. Бизнес жоспар құрып, оны арнайы комиссияда қорғап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорынан 3 млн. теңге қайтарымсыз несие алған.

Кәсібін 2019 жылы ашқан Аскен Назерке құрт өңдейтін және дөңгелек пішінде жасайтын аппараттар мен салқындатқыш құрылғы сатып алған. Қазіргі таңда ешқандай химиялық коспасыз таза табиғи түрлі – түсті құрттың 10 түрін жасауда.

Ащы, тұзды, кептірілген жемістерден, қан көбейтуге арналған яғни қызылшадан, мейізден, қан қысымы жоғары адамдарға жалбыздан, асқазанға пайдалы райхан гүлінен, сәбіз сығындысынан, кептірілген өріктен араластырып дайындалған түрлі -түсті құрттарды арнайы тапсырыспен сатуда екен.

Назерке алғашқыда түрлі- түсті құрттарды дайындап шығарғанда қорқынышта болғанын жасырмайды. Адамдарға таңсықтау бұл құрттарды ауыл тұрғындары сатып алады ма деген күдігі де болған. Бірақ Назеркенің құртының дәмін татқан ауыл тұрғындары тапсырыс бере бастағанда қорқынышы басылып, осы кәсіпке деген құштарлығы арта түскен.

Бүгінде жас кәсіпкердің алдағы мақсаты осы кәсіпкерлігін кеңейтіп, сүтті сиырларды көбейтіп, шикізатты өзінен шығарып, түрлі түсті құртқа деген сұранысты жоғарылатып, алдымен өзі тұратын Жамбыл ауылындағы дүкендерге, одан кейін көрші ауыл аймаққа, қалаларға шығарып сатуды көздеп отыр.

QAINAR KÓZБәйдібек ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі