Елдегі инфрақұрылымды жаңарту керек

56
Aikyn.kz

 

Елдегі инфрақұрылымды жаңарту керек. Өңірлерді аралағанда халықтың ойдым-ойдым жолмен жүріп, сусыз отырғанын көріп «шошынған» сенаторлар аталған мәселелерді түбегейлі шешетін уақыт келді деп отыр.

Одан бөлек, аты халықаралық болғанымен, заты оған сәйкес келмейтін шекарадағы өткізу бекеттерінің де бүгінгі «мүшкіл» халі айтылды.

Жұмыс істеп тұрғанына 20 жылдан асқан шекарадағы өткізу бекеттерінің жай-күйі бүгінгі заман талабына сай келмейді. Инфрақұрылымдық жабдықталуы транзиттік ағынды қамтымайды. Сенатор Нұрсипатов осы проблема бірнеше елдің басшылары бас қосқан кезде айтылып, талқыланғанмен, әлі жүзеге аспай отыр дейді.

Нұржан Нұрсипатов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Соның салдарынан Ресей, Өзбекстан және Қырғызстанмен шектескен кейбір өткізу пункттерінде адамдар мен көлік құралдары кептеліске ұшырап, еліміздің көлік-логистикалық әлеуетіне өңірлік және халықаралық сауда қызметін дамытуға кері әсер етуде»

Ал депутат Шелпеков Құрық портына барар жол жарамсыз екенін айтады. Сол 60 шақырымдық жол жөнделмей жатқандықтан Ресей мен Өзбекстаннан тауар тасымалдаушылар Ақтау қаласы арқылы 200 шақырымдық айналма жолмен жүруге мәжбүр.

Бақтыбай Шелпеков, ҚР ПАрламенті Сенатының депутаты: «Егер көрші елдерден келетін ірі жүк тасымалдары Ақтау қаласын айналмай-ақ, Жетібайдан тура жолмен Құрық портына қатынаса, тура 120 шақырымды үнемдейтіні анық».

Дариға Назарбаева 14 депутаттық сауалдың бәрін үнсіз тыңдап, жиын соңында сенаторлар тоқталған мәселенің бәрі маңызды екенін айтты.

Дариға Назарбаева, ҚР Парламенті Сенатының төрайымы: «Үкіметке инфрақұрылым мәселесін енгізетін кез келді. Мұны басты тақырып ету керек. Осының кесірінен көп нәрсені жоғалтып отырмыз. Тек суда ғана 40 пайыз табыстан қағылып отырған болсақ, оған қосыша шығын болған электр қуатын, өзге де ресуртсы қосыңыз»

Депутаттық сауалдың барлығына да Үкімет дер кезінде жауап жазып қана қоймай, көтерілген мәселені басты назарда ұстап, жұмыс істеуі қажет. Әйтпегенде, тағы біраз ресурстан айырылатын түріміз бар.

Меруерт Ахан