Түркістан облысының экономикасында ілгерілеу бар

257

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің халық алдында есебі Түркістандағы университеттердің бірінде өтіп, әкімдіктің ресми сайты және Фейсбук парақшасы арқылы онлайн режимде көрсетілді. Шалғайдағы ауыл тұрғындары да өңір басшысына интерактивті онлайн режимде сұрақтарына жауап алды.


Бір жылда атқарылған жұмыстың нәтижесінде Түркістан облысы бюджетінің көлемі 561 млрдтан 778 млрд. теңгеге жеткен. Бұл бұрын соңды болмаған көрсеткіш. Құрылыстың қарқыны, тартылған инвестиция облыстың экономикасын дамытып, халықтың әлеуетін артыра түскен.

Шалғайдағы Шардара, Теріскейдегі елдімекендерді сапалы ауыз сумен қамту аясында бес ауыл тіршілік нәріне қол жеткізді. Барлық салада ілгерілушілік бар деген әкім елдімекендерді газдандырудағы проблемаларды да айтып өтті. «ҚазТрансГаз» компаниясымен келіспеушілік орын алып 78 елдімекен газға қосылмаған болатын. Мен президентке дейін барып, бүгінде 60-ы табиғи газға қосылды. Сол аралықта салынған АГРС-тердің сапасы өте төмен, газ құбырлары сынып, қазір мен бұл істі тексеруге тапсырма бердім. Кінәлілер жауапқа тартылады. Халықтың қаржысын талан таражға салуға жол берілмейді».

Кентау

Тоқырау заманында құлдырай бастаған Кентау облыс орталығымен бірге дамиды. Эскаватор зауыты аумағындағы индустриалдық аймақтың көлемі 300 га кеңейтіліп, машина жасау қолға алынбақ.

Бұдан бөлек Отырар, Сарыағаш аудандарында күн сәулесі электр станциясы салынбақ. Ал Түркістанда 125 шаруа қожалығы біріктіріліп, азық -түлік белдеуін қалыптастыру бағытында жұмыс жасайды. Тың жобаларды жиналған қауымға жеткізген әкім аудандардан келген азаматтардың сұрағына да жауап берді.

Лесбек Нұртаев, Келес ауданының тұрғыны: «Абай ауылында күре жолдың бойы үнемі кептеліс, мына жағында базар, аялдама. Реттеуге қолдау көрсетсеңіз».

Әкім мырза бұл жоба бойынша жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді.

Есепті жиында баспана, атаулы әлеуметтік көмек, жол, мектеп тапшылығы, мақтаның бағасы, тозығы жеткен каналдарды жөндеу сияқты мәселелер көтерілді. Бірқатар көкейіндегі сауалын жеткізе алмаған азаматтар түстен кейін өткен әкімнің қабылдауында ұсыныстарын айтуға мүмкіндік алды.

Шынар Оразова