Жұмада өткен есептік жиын

179

Шымкенттіктер әлі күнге құдықтан су ішіп отыр. Бүгін халық алдында есебін берген қала әкімі Мұрат Әйтеновке тұрғындар осындай базыналарын жеткізді. Шаһар басшысы жергілікті тұрғындардың талап-тілектерін тыңдап, өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап берді.

Тұрғындар сұрақ қоюға берілген уақытты тиімді падалана алмады. Салдарынан бас-аяғы екі сағатқа созылған есептік жиыннан әкімге тікелей сұрақ қойып, талап-тілектерін жеткізген тұрғындардан гөрі, арыздарын айта алмай кеткендер көп болды.

Жұма намаздың таяғанынан да көпшілік көкейіндегісін шаһар басшысына жеткізе алмай қайтты. Жұртшылық жыл сайын есептік жиынның тұп-тура исі мұсылман мешітке асығатын тап осы күнге тура келетініне де наразылық білдіріп қалды. Тіпті негативті сұрақтарға да жылы жымиып қойып жауап берген Мұрат Әйтенов тұрғындардың талап-тілектерін де жіті тыңдады.

Шымшаһар билігін жуырда тізгінге алған оның әлі де мегаполис тіршілігіне қаныға қоймағаны аңғарылды. Дегенмен, былтырғы атқарылған жұмыстарды қолмен қойғандай етіп мұқият жеткізді. Көпшіліктен түскен шағымдардың дені білім, денсаулық сақтау, түрғын-үй коммуналдық шаруашалығы салаларына қатысты болды.

Қалада инженерлік инфрақұрылымның өзекті екенін шаһар басшысы да жасырмады. Халық саны жедел өсуінен магистралды жүйелердің қуаты жетіспей жатыр екен. Бүгін-ертең шешілетін мәселе емес.

Әйтенов мырза коммуналдық түйіткілдердің түйінін 3 жылда тарқатамыз деп уәде етті. Түске дейін созылған есептік жиында атқарылған жұмыстар да көптен шешімін күткен көп мәселенің де тиегі ағытылды. Шаһар басшысы көпшілік тарапынан түскен өтініштердің бірі де ескерусіз қалмайды деп сендірді. Тиісті сала басшыларына тапсырмалар жүктеп, кей азаматтарды тіпті жеке қабылдауға шақырды.

Мақпал Рысбаева