Úı ANONS Айнатаста өзекті мәселелер көтерілді

Айнатаста өзекті мәселелер көтерілді

Қала басшысының кезекті көшпелі кездесуі бұл жолы Айнатас тұрғындарымен өтті. Жиын барысында халық елді мекендегі өзекті мәселелерді көтеріп, инфрақұрылым мен коммуналдық қызметтерге қатысты сауалдарын жолдады. Табиғи газ, су тапшылығы, мектеп стадионы және өзен жағалауын бекіту мәселелері кездесудің негізгі тақырыптарына айналды. 

 

Қала әкімінің Айнатас тұрғындарымен өткен көшпелі кездесуінде елді мекендегі бірқатар өзекті мәселелер талқыланды. Тұрғындар инфрақұрылым, коммуналдық қызметтер және қауіпсіздікке қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Солардың бірі – Жыланбұзған ауылындағы Беласар көшесін газдандыру мәселесі. Тұрғындардың айтуынша, көшедегі бірнеше ондаған үй әлі күнге дейін табиғи газға қосылмаған.

ТҰРҒЫН: «Жыланбұзған ауылында газ бар. Бірақ Беласар көшесінде газ тартылмаған. 50-ден артық үй газсыз отыр қазір. Қысымен пеш жағып, көмір жағып тұншығып отырмыз».

Жауапты мамандардың мәліметінше, аталған аумақта газ желісінің жобасы бұрынғы жоспарға енбей қалған. Қала әкімі мәселені пысықтап, жобалық жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.

МАМАН ЖАУАБЫ:  «48 үй бар ол жерде. Қателеспесем 2008 жылы әкім шешімімен жер алғансыздар. Осы 10 бастап үй салып жатырсыздар. Қазір су, светі бар. Бірақ газдың проектісі енбеген».

ӘКІМ: «Проектіні созыңдар да көп қаражат кетпейді ғой. Тез бастаңдар».

Кездесуде Қарабастау тұрғын алабындағы мектеп стадионының теңгерімге өткізілу мәселесі де көтерілді. Тұрғындардың айтуынша, бұл түйткіл бірнеше жылдан бері шешімін күтуде.

ТҰРҒЫН: «Мен мынау Қарабастаудағы мектептің алаңшасы, стадионы 2 жыл болды мектептің балансына өтпегеніне. 1 жылдан кейін барып, былтыр бізге келгенде бұл мәселені көтергенбіз. Сол кезде қадап тұрып айттыңыз. Жер инспекциясының бастығына, оқу білім бастығына. Уәде берілді».

Қала әкімі жауапты мамандарға мәселені осы апта ішінде қарап, шешу жолдарын нақтылауды тапсырды.

ЖАУАП: «Осы аптада шешіп беріңдер. Сосын ол жерге бірдеңе болатын болса ары қарай күтіп ұстау ғой иә. Сол ғой жаңағы сіздердің мақсаттарыңыз. Дұрыс. Сосын анықтаңдар міндетті түрде Дархан не үшін шешілмегенін».

 

Жиында су мәселесі де назардан тыс қалмады. Тұрғындардың айтуынша, аймақтағы ағын судың көлемі азайып, бұл жағдай халықты алаңдатып отыр.

«Кеңес Одағы кезінде астындағы шахтаның несі жоғалып кетеді дә сол жаққа кетіп қалады судың бәрі. Үнемі. Ол баяғыдан келе жатқан тірлік. Суды ұдайы алып тұрса жақсы еді. Астында жарты метр су қалды ғой өзі. Суды келтіргенсіз уақытында. Қазір келмей қалды».

Мамандар бұл мәселе бойынша кешенді зерттеу жүргізіліп жатқанын және арнайы жоба әзірленетінін айтты.

ЖАУАП: «Ол жердегі мәселе көпфакторлы. Зерттеу жасаймыз. Одан кейін білесіз проект жасалынады. Қазір біз 25 млн қаражат құйып, жеңімпазын күтіп отырмыз. Ол уақыттың еншісінде».

Кездесуде Бадам өзенінің жағалауын бекіту мәселесі де көтерілді. Тұрғындар әсіресе көктемгі су тасқыны кезеңінде қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігін жеткізді.

«Маятастың төменгі остановкасы мен Қазығұрт темір жол арасындағы жағалауын бекітсе».

Жауапты мамандардың айтуынша, аталған аумақ бойынша жобалық құжаттар дайындалған. Қазіргі таңда сараптама және қаржыландыру мәселелері қарастырылып жатыр.

ЖАУАП: «Бірінші басымдық берілген реттестіріп шықтық. Сіз айтқан жерді жаңа келе жатқанда да көрдім. Ескіріп қалған ғой. Алдында да көтеріп жүрген мәселе. Қазір жобасы дайын. Ол сосын экспертизасы бар, қаржы мәселесі бар. Істелінеді негізі. Бірақ қай кезде істейтінімізді қазір айта алмаймын».

Көшпелі кездесуде тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді. Ендігі кезекте тұрғындар айтылған бастамалардың кезең-кезеңімен жүзеге асуын күтеді.

Ботакөз Әнуар