Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды қорытындылады. Оның айтуынша, салада бірқатар ауқымды жобалар жүзеге асырылып, мәдени бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып жатыр. Дегенмен, салада атқарылып жатқан жұмыстармен қатар, бірқатар кемшіліктер де бар. Ол қандай кемшіліктер алдағы бейнематериалда.
Шымкент қаласында 188 тарихи-мәдени мұра нысаны тіркелген. Оның 7-еуі республикалық, 8-і жергілікті маңызы бар тізімге енгізілген. Соңғы үш жылда жаңа ескерткіштер орнатылмаған, заңсыз нысандар анықталмаған деді басқарма басшысы. Сөзіне сенсек, мәдени салада тындырымды тірліктері көп. Дес де, кемшіліктер де жоқ емес деп отыр. Мәселен, «Тіл туралы» Заң талаптарының орындалуы барысында олқылықтарға жол бергенм мекемелер бар.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Әкімшілік іс жүргізудің бірыңғай тізілімі (ЕРАП) арқылы анықталған бұзушылықтар бойынша 2026 жылдың I тоқсанында 5 кәсіпкерлік нысанға ескерту беріліп, 2 нысанға айыппұл салынды. «Е-Өтініш» порталы арқылы түскен 36 өтінімнің 17-сіне түзету енгізіліп, 19-ы бастапқы нұсқада келісілді. Сонымен қатар, 251 нысан иесіне ұсыным беріліп, 49 нысандағы кемшіліктер жойылды».
Сонымен қатар, атауы жоқ, қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген көшелерге атау беру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 20-дан астам көшеге Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері мен жер-су атаулары берілді. Бұдан бөлек, архивтің ресми веб-сайты ашылып, пайдалануға берілді. Енді азаматтар қажетті мәліметтер мен құжаттарға онлайн форматта қол жеткізе алады. Бұл архив жүйесінің жұмысын жаңғыртып, деректерді сақтау мен өңдеу үдерісін жетілдіруге мүмкіндік беріп отыр.
БАУЫРЖАН ОРЫНТАЕВ, МӘДЕНИЕТ, ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Архивтік құжаттарды цифрландырудың жылдық жоспары 750 мың парақты құраса, есептік мерзімді жоспар, 187500 парақ болып бекітілген. Қазір орындалғаны 188450 параққа жетті. Архивтің анықтамалар, немесе көшірмелерін беру, үзінділер туралы мемлекеттік қызмет көрсетудің жылдық жоспары бекітіледі. Сол жоспар бойынша 7 мың жылдық жоспар бекітілген. Есепті мерзімде 1750 болып отыр».
Айта кетейік, биыл қаладағы музейлер қоры толықты. Яғни, жыл басынан бері 58 жаңа экспонатпен толықтырылып, тарихи-мәдени мұраларды сақтау және насихаттау жұмыстары одан әрі жанданған.
Нұргүл Жолымбетова







