Шымкентте репродуктивтік медицина институты ашылды

668

Шымкентте репродуктивтік медицина институты ашылды. Аталған орталықта ерлердің де, әйелдердің де бедеулігін емдеу мүмкіндігі бар.

Институттың басты артықшылығы – емделуші барлық қажетті сараптамаларды осында жасата алады. Орталық жұмысы Еуропалық мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіледі. Клиника жылына 5000 адамға қызмет көрсетуге қауһарлы. Биыл мемлекет есебінен осы орталықта жасанды ұрықтандыру жасату мүмкіндігіне 322 адам ие.

Шымкенттегі бірінші репродуктивтік орталық әлемдік стандартқа сәйкес тұрғызылған. Жұмысында Еуропалық мамандардың тәжірибесі ескеріліпті. Басты артықшылығы – лабораториясы. Науқас бұрынғыдай сараптама жасату үшін өзге қалаға сабылмайды. Тіпті жатырына салынған баланың да талдамасын осы орталық тексеріп бере алады.

Ләззат Айтожина, Репродуктивті медицина институтының бас маманы, репродуктолог: «Бұл жердің лабораториясы өте жақсы. Бір сағаттың ішінде 15 рет ауа ауысып тұрады. Өте таза ауа береді және басқа да артықшылықтары бар. Және бұл орталықта ЭКО-дан басқа әйелдерге лапороскопиялық отаның барлық түрі жасалады. Және бұл орталықта ерлердің бедеулігін шешеді».

Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Бір мезетте 25 адам лапороскопиялық ота жасатып, емделу мүмкіндігі бар. Ал биыл мемлекет есебінен 322 адам жасанды ұрықтандыру жасата алады.

Тимурхан Варзилов, Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін уақытша атқарушы: «Осы мекеме барлық әлемдік талапқа сай келеді. Сонымен қатар барлық құжаттар электронды түрде жүргізіледі. Ақылы қызметтерден бөлек тегін медициналық кепілдендірілген көмектің кепілдік берілген шеңберінде оталар жасалатын болады».

Орталық Шымкент қаласы Ерімбетов көшесінде орналасқан. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын және 2000 лапороскопиялық ота жасай алады. Ал ашылғанына 25 жыл болған осы орталықтың Алматы қаласындағы бас бөлімі осы уақытқа дейін 15 000 әйелге ана болу бақытын сыйлаған.

Меруерт Ахан