Түркістан облысында карантиннен қашып кеткен азамат табылды

187

Коронавирусқа қатысты ауруханадағы карантиннен қашып кеткен Шымкенттік тұрғын табылды.

Ер адам 10-наурыз күні Мәскеу қаласынан Алматы қаласына рейспен келген. Осы рейстің жолаушыларының бірінде коронавирустың анықталуына байланысты, ол 14 күнге карантинге алынған болатын. Қазығұрт ауданындағы жұқпалы аурулар ауруханасынан қашып кеткен азамат өзінің Арыс ауданында тұратын ата-анасының үйінен табылды. Қазір ол Қазығұрт аудандық жұқпалы аурулар ауруханасына кері қайтарылды. Және оның үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі: «Бұл жайт ҚР ҚК-нің 304-бабы — «Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша СДТБТ-ға тіркелді. Бүгінгі таңда полиция қызметкерлері істің толық мән-жайын анықтауда».

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан аумағында 1641 адам коронавирус дертіне қатысты күдікпен карантинге алынған. Одан бөлек, 981 адам үй карантинінде жатыр. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша — 20 адам , Шымкентте 66 адам тәжівируспен ауруы мүмкін деген күдікпен карантинге жабылды.

Мөлдір Бекеева