Әлеуметтік пакет беріліп жатыр

514

Шымкентте аз қамтылған отбасыларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет таратыла бастады. Бұл — биылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек алатын тұрғындар жердемақыдан бөлек азық-түлік пен гигиеналық заттардың жиынтығын тегін ала алады деген сөз. Әлеуметтік пакеттерді қаладағы «Магнум» сауда үйі желісінен алуға болады. Ал тиесілі азық-түліктерді емін-еркін, кезек күтпей алғысы келетіндер дүкеннің сайтына кіріп, ЖСН нөмірін енгізу керек. Осылайша, жиынтықты дүкеннің қай бөлімшесінен және қашан алып кетуге болатынын біледі. Әлеуметтік пакеттер төтенше жағдай кезінде де беріледі. Тоқтатылмайды.

20 000 ЖУЫҚ ОТБАСЫ АӘК АЛУДА

Жыл басынан бері Шымкентте — 20 000 жуық отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Енді, көп балалы және аз қамтылған отбасылар өздеріне тиесілі азық-түлік пакетіне қол жеткізіп жатыр. Себебі, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмектің тәртібі бойынша тағайындалған жәрдемақыдан бөлек отбасылардың балаларына «кепілдендірілген әлеуметтік топтама» ұсынылады.
Аталған жиынтыққа қанша шымкенттік отбасы қол жеткізді? Жиынтыққа қандай заттар кіреді? Пакеттердің айырмашылығы қандай? Сайттан өз деректерін таба алмаған тұрғындар қайтпек? Осы сауалдардың жауабын Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаевадан білдік.

МАГНУМНАН АЛА АЛАСЫЗ

– Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа моделі жүзеге асырыла бастады. Соған сәйкес, көп балалы және табысы аз отбасынан шыққан балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакет берілетін болды. Тұрғындардың тапсырған құжаттары сараланып болған соң қай отбасының қандай пакет алатыны белгілі болды. Осылайша, 2020 жылдың 9 наурызынан бастап кепілдендірілген әлеуметтік топтамадағы — 1-3 және 3-6 жасқа арналған азық-түлік жиынтығы таратыла бастады, -деді Жанат Өтебева.
Оның сөзінше, әкімшілік «Магнум» ЖШС-мен келісімшартқа тұрыпты. Атап айтқанда: Әл Фараби ауданы: Әйтеке би көшесі, Володарский көшесімен қиылысқан, «Жамалбек-Кажы» сауда орталығы; Енбекші ауданы: Ж. Шаяхметов, 5 «А» ғимарат; Әл Фараби ауданы: Байдібек Би көшесі, №25 «Nauryz park» сауда орталығы мен Абай ауданы: «Бекжан Комфорт» сауда орталығында беріледі.
– Magnum.kz сайтында арнайы ГСП бөлімі бар. Соған кіріп, ЖШС нөмірін тере отырып, қай дүкеннен, қай күні азық-түлік себетіңізді алып кете алатыныңызды біле аласыз. Егер де сайттан өзіңіздің деректеріңізді таба алмасаңыз, абыржымаңыз. «Собес»-ке келіп, ақпаратты осында тексертесіз. Тізімнен табылмағандар құжаттарын ақпанда не наурызда өткізгендер болуы мүмкін,- дейді Ж.Өтебаева.

10089 ОТБАСЫ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕДІ

Айта кетейік, қазір сауда орталығында таратылып жатқан азық-түлік пакеті қаңтар айына тиесілі. Биылдан бастап енгізілген жаңа форматтағы мемлекеттік қолдаудың аясында қазір 9 мыңға жуық отбасына қаңтар айының азық-түлік жиынтығы таратылып жатыр. Ол толығымен таратылып болған соң, ақпан айының азық-түлік себеті беріле бастайды. Ал сәуір айының 5-не дейін наурыз айының азық-түлік және гигиеналық пакеттері толығымен берілмек. Бұл дегеніміз — кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің шарапатын қаладағы 1-6 жас аралығындағы 15 949 бала көреді деген сөз. Осы ретте маман 1-3 және 3-6 жас аралығындағы азық-түлік пакетінің айырмашылығын сұрайтындар көп екенін айтады.
– Халық арасында неге пакеттер бұлай бөлінеді деген түсініспеушіліктер туындады. Бұл 1-3 және 3-6 жас аралығындағы балалардың физиологиялық нормасына қарай сәйкестендіріліп беріліп отыр. Яғни, белгіленген жас аралығындағы баланың ағзасына қажетті 1 айлық нормаға сәйкестендіріліп жасалған жиынтық. Жиынтық ҚР Денсаулық сақтау министрлігімен мақұлданған,-дейді Ж.Өтебаева.
Маманның сөзінше, бұл жиынтық әрбір балаға бөлек-бөлек беріледі. Сондықтан да отбасында 1-6 жас аралығындағы қанша бала болса, сонша жиынтықты ай сайын алып отырмақ. Тоқсан сайын бір берілетін гигиеналық заттар да дәл солай. 1-6 жас аралығындағы әр бір балаға арнайы қарастырылған. Бірақ 3 айда 1 рет берілетінін естен шығармаған жөн. Бұл пакетке отбасылар 5-10 сәуір аралығында қол жеткізеді.

ЕСКЕРТУ!
Сіз атаулы әлеуметтік көмектің немесе кепілдендірілген әлеуметтік пакеттің алушысысыз ба? Ендеше, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмекке қайта құжат тапсыру науқаны басталады. Құжаттар қаладағы 4 аудан бойынша қабылданады. Алайда, халық саны жағынан Абай ауданының тұрғындары көп. Осыны ескере отырып, «Бекжан» автобекетінің екінші қабатынан жұмыспен қамту орталығының тағы бір бөлімшесі ашылды. Сол маңның тұрғындары құжаттарын сонда өткізе алады. Естеріңізде болсын, жәрдемақы құжат өткізген айға толығымен тағайындалады.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №12, 18 наурыз 2020 ж