Еңбек демалысына қашан шығамын? Сұрақ-жауап

195

Газетімізде бұрыннан бар «Сұрақ-жауап» айдарына енді тұрақты бір бет арнап, әр нөмірде жариялаймыз. Сонымен сізді түрлі тақырыптағы сауалдар мазалай ма? Жауабын нағыз кәсіби маманнан білгіңіз келе ме? Онда газетіміздің WhatsApp нөміріне, info@onrabat.kz эл.поштасына хат жазып, редакцияның 8 (7252) 53-54-17 телефон нөміріне хабарласып, сұрағыңызды айтыңыз. Инстаграмда @onrabat.kz, Фейсбуктағы «Оңтүстік Рабат газеті» парақшасына да хабарласа аласыз.

Біз сіздің әлеуметтен бастап тұрмысқа дейінгі сан сауалыңызға жауап алып береміз.

Бұл жолы редакцияға келіп түскен сұрақтар әралуан. Барлығын тиісті сала мамандарына жолдап, жауабын беріп отырмыз. Оқи отырыңыз! Бәлкім сізге де қажеті болып қалар.

СҰРАҚ: Жалпы еңбек өтілім – 30 жыл. 4 балам бар. Бесінші баланы осыдан 8 жыл бұрын туыла сала өз атыма жаздырып, асырап алдым. Жақында зейнетке шығамын. Мамандарға барсам қанша зейнетақы шығатынын айтпай жатыр. Осыны біліп бере аласыздар ма?

Оқырманның сұрағына Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Шымкент қаласы бойын-ша департаментінің директоры А.Нұрсеитов жауап берді.

ЖАУАП: «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» 2013 жылғы 21 маусымдағы №105 V Заң талабының 11-бабының 3-тармағына сәйкес, 5 және одан да көп бала туған, (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда, 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі болған жағдайда зейнетақы алу құқына ие болады. Қолданыстағы заң талабына сәйкес, асырап алынған балалар міндетті түрде 8 жасқа толғанға дейін, асырап алған ананың тәрибесінде болуы керек. Сонда ғана, зейнеткерлікке шығу бала санына есепке алынады. Сіздің жағдайыңыз Заңның осы талаптарына сәйкес келеді. Алайда, зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негiзге алына отырып жүзеге асырылатынын, ал 1998 жылдың 1 қаңтарынан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi орталық атқарушы орган айқындайтын тәртiппен жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына түскен мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес анықталады. Сонымен қатар базалық зейнетақы төлемі толық зейнеткерлік жасқа толғанда, яғни 63 жасқа толған кезінде заңмен белгіленген тәртіп бойынша тағайындалатынын ескеруіңіз қажет. Сіздің туған күніңіздің 1 қараша екенін ескерсек Сіз әлі 63 жасқа толған жоқсыз. Бірақ бала санымен зейнеткерлікке 59 жасыңызда шыға аласыз. Алайда, Сіздің бала санымен зейнеткерлікке шығуыңызға әлі бірнеше (7) ай бар. Зейнет жасыңызға жеткен соң барлық тиісті құжаттарыңызды «ГЦВП»-ға өткізіп, базаға тіркелесіз. Сонда ғана қанша зейнетақы алатыныңызды біле аласыз. Оған дейін сіздің «пенсияңыз» туралы ақпаратты еш жерден біле алмайсыз. Себебі, Сіз жайлы ақпарат базада жоқ.

СҰРАҚ: 3.02.2020 жылы түсік тастадым. Сол күннен бастап 29.03.2020 жылға дейін 56 күндік декрет демалыста болдым. Кадр бөлімі маған биыл еңбек демалысына шыға алмайсыз, деді. Енді қашан еңбек демалысына шыға аламын?

Оқырманның сұрағына Шымкент қалалық мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жауап берді.
ЖАУАП: Еңбек Кодексінің 22-бабына сәйкес, жұмысшы жылына 1 рет ақылы еңбек демалысына шығуға құқылы болса, 23-бабқа сәйкес, жұмысберуші өз қызметкерлеріне жылына 1 рет ақылы демалыс беруге міндетті. Еңбек демалысын беру Еңбек Кодексінің 93-бабымен реттеліп, жұмыскердің пікірін ескере отырып, ағымдағы жылдың желтоқсан айының 10-ына дейін түзіледі. Сіздің жағдайда босануға байланысты 56 күнге еңбекке жарамсыз парағы беріліпті. Ескеретіні, еңбекке жарамсыз деп белгіленген күндер әлеуметтік демалыс деп табылады. Сондықтан да бұл күндер еңбек демалысының күндері деп саналмайды және оған жатыстыруға болмайды. Осы орайда, 2019 жылдың қай кезеңінде еңбек демалысына шыққаныңызды ескеру керек. Қазіргі 56 күндік еңбекке жарамсыздық парақшаңыздың аяқталуынан кейін жұмысқа шығуыңыз қажет. Сосын екі тараптың келісуімен қайта ақылы еңбек демалысына өтініш жазуыңызға болады. Өйткені, бала босануға байланысты 56 күндік еңбекке жарамсыздық парағы кезінде, жұмыскердің жұмыс орны сақталады, еңбек өтілі есептеледі. Бұл мезгіл оның еңбек өтіліміне ескерілгендіктен жұмыс беруші қызметкерді ақылы демалысқа шығуы туралы өтінішті қанағаттандыруы қажет. Яғни, жұмыс істеген мерзімге және аванс есебінде демалысын толық беруі керек.

СҰРАҚ: Төрт баланың анасымын. Жолдасым қайтыс болған. Асыраушысы жоқ, деп жәрдемақы аламын. Жалданып дүкенде сатушы болып жұмыс істеймін (3 жыл). Төтенше жағдайға байланысты табысымнан айырылып отырмын. Жұмыс берушім осы жылдың қаңтар және ақпан айларында мені заңдастырып рәсімдеп, сол айларға барлық салық түрін төлеген болатын. Ал енді 42500 теңгеге тапсырсам, БИН базадан шықпай жатыр деген хабарлама келді. Сосын Бірыңғай жиынтық төлем төлеп өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде өтінім бердім. 7 сәуірде тапсырғанмын, бірақ өтінішім қанағаттан-дырылмады. Министр бұл төлемнің шын мәнінде жұмыс істеп, бірақ ТЖ кезінде табысынан айырылғандарға беріледі деген еді. Мен жұмыс істедім, бірақ неге төлемге қол жеткізе алмаймын?

Оқырманның сұрағына Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының директоры Бауыржан Оспанов жауап берді.

ЖАУАП: Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының базасына Сіздің өтінішіңіз келіп түспеген. Бұл дегеніміз – ақпараттық жүйе Сіздің өтінішіңізді автоматты түрде кері қайтарған. Себебі, ТЖ кезінде табысыңыздан айырылу фактісі дәлелденбеген. Қалыпты жағдайда, жүйе қабылдаған өтініштер әлеуметтік сақтандыру қорына келіп түседі. Біздің мекеме қызметкерлері оны қарастырады. Егер бас тартса, біз оның себебін жазып, хабарлаймыз. Бұл жағдайда кері қайтарылудың себебін көре алмай отырмыз. Себебі, мүлдем өтінім келіп түспеген. Оның себептері әр түрлі болуы мүмкін. Бәлкім ТЖ кезінде бұл азаматқа әлеуметтік аударымдар аударылуы мүмкін. Нәтижесінде ақпараттық жүйе оны жұмысынан айырылмады деп таныған.

СҰРАҚ: 4 балам бар. Біреуі – мүгедек. Екеуі мектеп оқушысы. Сұрайын дегенім, ТЖ кезінде қандайда бір көмек ала аламын ба? Себебі, осы уақытқа дейін бірде бір көмек алғаным жоқ.

Оқырманның сұрағына Шымкент қаласы Абай ауданы әкімінің орынбасары Санжар Бурлибаев жауап берді.

ЖАУАП: «Біз біргеміз!» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен, көпбалалы отбасыларға 50 мың теңге көлемінде қаржылай көмек қарастырылуда. Сіз әкімдік жасақтаған тізімде барсыз. Алайда, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімі көп. Сондықтан да қаржы кеш түсуі мүмкін. Уайымдамаңыз, екі аптаның көлемінде Сіздің есепшотыңызға 50 мың теңге аударылады. Одан бөлек, көп балалы отбасы екенсіз, оған мүмкіндігі шектеулі балаңызды ескерсек, әр айға (наурыз, сәуір) 6-18 жас аралығындағы әр бала үшін 5561 теңгеден азық-түлік себетінің қаржысы түсуі керек.

 

А.Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №17-18, 29 сәуір 2020  ж