Кәсіп бастауға грант алудың бірнеше тәсілі

222

«Көпбалалы анамын. Бизнес идеям бар, бірақ қаржы қолбайлау болып тұр», «Атаулы әлеуметтік көмек алушысымын. Кәсіп ашқым келеді, неден бастаймын?». Газетіміздің өткен №21-22 санында «Кәсіп ашуға қолдау» тақырыбында мақала жарияланған едік. Осы орайда өз бизнесін дөңгелетуді көздеген көпбалалы аналар редакциямызға хабарласып жатыр. Дені – облыс тұрғындары. Шалғай елдімекендерде азаматтар. Қайда баратынын, неден бастайтынын білгісі келеді. Оқырмандарымыздың көкейіндегі сан сауалға жауап беру үшін Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына хабарласып, мән-жайын білдік.

ГРАНТ АЛУДЫҢ ЕКІ ЖОЛЫ БАР

Басқарма басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша, бизнес бастаушыларға қолдау көп. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы соның бірі.
– Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тартуға бағытталған Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 4 бағыты бар. Соның алғашқы екі бағыты – кәсібін дөңгелетуді мақсат етіп жүрген жандарға арналады,-деді Нұржан Нұрашов.
Оның сөзінше, кәсіп ашуды көздегендерге бағдарлама аясында мемлекеттік гарнттар беріледі. Бірақ соған қол жеткізу үшін бағдарламаның бірінші бағыты бойынша кәсіптік-техникалық оқуды аяқтау керек. Не болмаса «Бизнес-Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінде оқыту курсынан өту керек,-дейді ол.

3 АЙЛЫҚ КӘСІПТІК ОҚУ

– Еліміздегі индустрияландыру бағытының қарқынды дамуы, кәсіптік-техникалық мамандарға деген сұранысты арттырып отыр. Осы орайда, заман талабына сай, сұранысқа ие мамандарды қайта даярлайтын қысқа мерзімді курстар ашылған. Сондай-ақ, мамандығы бойынша жұмыс таппай жүргендер қайта оқып, кәсіптік біліктілігін көтере алады. Оқу мерзімі – 3 ай. 1 ай теория, 2 ай практика. Аптасына 6 күн, күніне 6 сағат оқиды. Осы аралықта бағдарламаға қатысушылар стипендия мен материалдық көмек алады,-дейді Нұржан Нұрашов.
Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген-тіркелгеніне қарамастан жұмыссыз адамдар қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өте алады.
3 айлық оқуды тәмамдаған соң бизнес жоспарыңызды құрып, комиссияға ұсынуыңыз керек. Комиссияның оң шемімін алған соң сізге өз ісіңізді бастауға 555 мың теңге көлемінде ақшалай қолдау көрсетіледі.
Сонымен егер сіз:
– жұмыссыз,
– өзін-өзі жұмыспен қамтыған;
– нәтижесіз жұмыспен қамтылған;
– 29 жасқа дейінгі жас;
–мүмкіндігі шектеулі адам болсаңыз онда қысқа мерзімді кәсіптік оқуға қатыса аласыз.
Оқу аяқталған соң сізге мемлекеттік үлгідегі куәлік беріледі. Сол кәулік жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға бағытталған мемлекеттік гранттың конкурсына қатысуға мүмкіндік береді.

25 КҮНДІК БИЗНЕС БАСТАУ

Мұнда 3 ай оқудың қажеті жоқ. Яғни, 25 күннен аспайтын оқуы аяқталған сәттен бастап бизнес жоспар әзірленеді. Ал бизнес жоспарын әзірлей алмағандарға «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы көмектеседі. Бұл бағытта 25 күн бойы оқығандарға бір жолғы степендия төленеді. Олар да тегін оқиды. Сандарды сөйлетсек, 2019 жылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне – 2 065 адам оқуға жолданды. 2020 жылы 2894 адамды жіберу жоспарланған.

Айта кетейік, мұнда белгілі бір кәсіпті игермейсіз. Тек бизнес-тренерлер кәсіпкерлік негіздеріне оқытып, саладағы заңнамалар, маркетинг стратегия, салыққа қатысты мәліметтерден хабардар етеді. Оқу курсы барысында өз ісін бастаушыны жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге, бизнес-жоспарларын әзірлеп беруге тегін көмектеседі.
«Бизнес-Бастау» арқылы кәсібін дөңгелететіндер 555,6 мың теңгелік қайтарымсыз гранттан бөлек, кәсіпкерлігін дамыту мақсатында 18 млн теңгеге дейін жылдық 6 пайызбен шағын несие ала алады.

ОҚУДАН БОСАТЫЛҒАНДАР

Бизнесті қолдау мен дамытудың бұл бірыңғай бағдарламасы аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отбасыларға әзірленгендей. Бұған негіз бар. Себебі, үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап, бағдарламаға енгізілген толықтырулар мен түзетудің нәтижесінде,
– атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы аз отбасылар;
– көпбалалы отбасылар,
– оралмандар мен қоныс аударушыларға 3 ай курстан өтуден де, «Бизнес-Бастаудың» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өтпей-ақ мемлекеттік грант ала алады.
Яғни, олар грантты алу үшін бизнес идеясын ұсынса болғаны.
Айта кетейік, 2019 жылы Түркістан облысы бойынша, бизнес идеясы бар, өз кәсібін ашуды көздеп жүрген 7903 адам мемлекеттік грант алыпты. Оның – 188-і 100 АЕК, 7715-і 200 АЕК мөлшерінде қаржыға қол жеткізген. 2020 жылға 4346 адамға мемлекеттік грант алуға 2 304 249 мың теңге қаралған. Қолдағы мәлімет бойынша, биылдың 1 маусымына дейін 1040 адам 200 АЕК (555 600 мың теңге) мөлшерінде мемекеттік грант алды.
Бұл қаражат бастапқы бизнесті іске асырып жатқан немесе іске асыруды жоспарлайтын Бағдарламаға қатысушыларға өтеусіз және қайтарымсыз негізде берілетінін еске сала кетейік.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №23-24, 10 маусым 2020 ж