23 маусым — Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесі күні қарсаңында Мақтаарал ауданында бірнеше қызметкер облыс әкімі мен аудан әкімі тарапынан марапатталды.
Ең алдымен іс-шара барысында мемлекеттік қызметке жаңадан келген Мырзакент кенті әкімі аппаратының бас маманы Нұрсұлтан Назарбаев пен Иіржар ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы Сайтбек Исламов ант қабылдады. Сонымен қатар, аудан әкімі Бақыт Асанов барша мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
«Құрметті әріптестер! Сіздің беделіңіз – мемлекет беделінің бір бөлігі екенін ешқашан естен шығармаңыздар. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, елге қолайлы жағдай туғызуларыңыз керек. Мемлекеттік органға шағымданған, жүгінген кез-келген адам, мемлекет көрсетуге тиісті қызметтің барлығын еш сергелдеңсіз, дер кезінде және сапалы түрде алуы тиіс. Сондықтан да, бүгінгі кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Абыройлы болыңыздар!» — деді Бақыт Насырханұлы.
Айта кетейік, егеменді еліміз ТМД аумағында алғашқылардың бірі болып мемлекеттік қызмет туралы заңнама қабылдап, қызметтік мансап жүйесін ендіріп, әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметшілердің кадрлық резервін құрды.
2002 жылы Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев 23 маусымды «Мемлекеттік қызметшілер күні» деп бекіту туралы Жарлыққа қол қойды.
2011 жылы 21 шілде күні Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі жаңа моделінің Тұжырымдамасы қабылданды. Бұл Тұжырымдама мемлекеттік қызметтің жаңа моделін қалыптастырудың негізгі бағыттарын айқындап, оны рәсімдеуге және әрі қарай дамытуға бағытталған нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге негіз болды.