Úı Jańalyqtar Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары – қоғам сенімінің негізі

Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары – қоғам сенімінің негізі

фото atr.kz

 

 

Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің кәсіби біліктілігімен қатар, олардың әдептілігі мен адамгершілік қасиеттеріне қойылатын талаптар да жоғары. Себебі мемлекеттік қызметші – тек өз саласының маманы ғана емес, ол мемлекеттің бет-бейнесін қалыптастыратын тұлға.

 

Қазақстан Республикасында мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары арнайы заңнамалық актілермен реттеледі. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңы және Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 22 ақпандағы №814 Жарлығымен бекітілген Әдеп кодексі мемлекеттік қызметшілердің мінез-құлқы мен қызметтік этикасының негізгі қағидаларын айқындайды.

 

Әдеп кодексінің басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің жоғары моральдық жауапкершілігін қалыптастыру, қоғам тарапынан сенімді арттыру және қызмет барысында заңдылық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылады.

 

Мемлекеттік қызметші өз қызметінде келесі негізгі қағидаларды басшылыққа алуы тиіс:

  • Адалдық пен әділдік – қызметтік міндеттерді атқару кезінде жеке мүддеден гөрі қоғамдық мүддені жоғары қою;
  • Ашықтық пен айқындық – халықпен қарым-қатынаста түсінікті, нақты және шынайы болу;
  • Сыпайылық пен құрмет – азаматтарға қызмет көрсету барысында әдептілік таныту;
  • Жауапкершілік – қабылданған шешімдер мен әрекеттер үшін толық жауап беру;
  • Заңдылықты сақтау – барлық қызметтік әрекеттерді заң аясында жүзеге асыру.

 

Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда да маңызды рөл атқарады. Олар өз іс-әрекеттерімен қоғамға үлгі болып, адал қызметтің маңыздылығын көрсетуі тиіс.

 

Қызмет барысында мемлекеттік қызметші:

  • қызметтік өкілеттіктерін жеке мақсатта пайдаланбауы;
  • қызметтік әдепке қайшы әрекеттерден аулақ болуы;
  • азаматтармен қарым-қатынаста дөрекілік пен немқұрайдылыққа жол бермеуі қажет.

 

Мемлекеттік қызметтегі әдеп нормаларын сақтау – бұл тек талап емес, бұл – кәсіби мәдениеттің ажырамас бөлігі. Әдептілік – сенімнің кепілі. Ал сенім бар жерде – тиімді қызмет пен қоғамның тұрақты дамуы қамтамасыз етіледі.

 

Қорытындылай келе, әрбір мемлекеттік қызметші өз мінез-құлқымен, іс-әрекетімен және шешімдерімен халықтың сенімін нығайтуға үлес қосуы тиіс. Әдеп нормаларын сақтау – бұл тек қызметтік міндет емес, ол әрбір азаматтың ішкі мәдениетінің көрінісі.

К.Рустемова,

Әл-Фараби ауданының

СЭББ басшы орынбасары