«Сардоба су қоймасындағы апат барысында жоғалған Өзбекстан Республикасы Ұлттық гвардиясының 28 жастағы сарбазын іздестіру шаралары тоқтатылды», деп хабарлайды Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаменті өкілі.
Ерғали Бахаев, Шымкент қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары: «Заң, талаптарға сәйкес, 10 күнде іздестіру нәтижесінде жоғалған адамның денесі табылмаса, белсенді іздестіру шаралары тоқтатылады. Алайда жедел-құтқару тобы каналдарда, су айдындарында сүңгуірлер іздестіруді жалғастыруда».
Естеріңізге сала кетейік, іздестіру шаралары маусымның 20-нан Мақтаарал аудандағы Жеңіс, Жаңатұрмыс елді-мекендерінің өтетін каналдарда жүргізілді.Сонымен қатар, 27-ші шілдеден құтқарушылар моторлы қайықта Атақоныс ауылындағы №1 шекара бекетінен Орталық дала каналы аралығындағы 48 шақырым жерде іздестіру жұмыстарын жалғастырды.
Шараларға Шымкент қалалық төтенше жағдайлар департаментінің арнайы құтқару тобы, шекарашы қызметінен және Өзбекстан Республикасының ТЖМ жедел-құтқару отрядының 3 құтқарушысы қатысты. Жауаптылар іздестіру шаралары барысында барлық мүмкіндіктер қолданылғанын, өкінішке қарай, сарбаздың мәйіті табылмағанын айтады.
Шынар Оразова