ӘРБІР ІСТІҢ СОҢЫНДА АДАМ ТАҒДЫРЫ ТҰРАДЫ

108

 

Тәртіп сақшыларының қиын да қызықты қызметін абыроймен атқара білуі үлкен жауапкершілікті талап ететіні сөзсіз. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында.

Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Бүгінде осындай қасиеттерді өн бойынан кездестіретін жас полицейлер де аз емес. Сондай жанның бірі Нұрсұлтан Қалиев.

Нұрсұлтан полиция қызметкері болуды бала кезінен армандаған. Жергілікті жерде білім алған ол, кейіннен Қарағанды Заң академиясында жоғары білім алған. Ал, еңбек жолын 2015 жылы Шардара АПБ тергеуші болып бастайды. Содан бері бұл салады жауапты жұмысты абыроймен атқарып келеді.

— Тергеу қызметінің ең ауыр жүгі – ар алдындағы адалдық. Осындай ауыр жұмыстың жүгін арқалаған тергеушінің әр күні ғана емес, әр сағатының өзі қым-қуыт оқиғамен өріліп жатады. Әрбір істің артында адам тағдыры тұрады. Сондықтан әрбір істі жан-жақты тергейміз. Қылмыскерлердің көпшілігі өздері істеген қылмыстарын мойнына алмайды. Жасаған қылмысты мойындату үшін нақты айғақтар мен дәлелдер тауып, Қылмыстық іс жүргізу кодексінің талаптарымен тергеп, әрбір істі терең әрі тиянақты зерттегенде ғана, істің соңғы нүктесі қойылады — дейді ол.

Тергеу ісінің ыстығына күйіп, суығына тоңған жас маман әріптестерімнен тәжірибе жинақтады. Түрлі санаттағы қылмыстық істердегі күдікті қылмыскермен тілдескенде бірінші кезекте қаталдық пен әділдікті және талапшылдықты сезінді. Осылайша аз ғана уақытта тәжірибелі тергеушілердің бірі атанды. Биылғы жыл басынан бері Нұрсұлтан 20-дан астам істі сотқа өткізген. Олардың ішінде бұзақылық, мал ұрлығы, бөтеннің мүлкін заңсыз иелену секілді қылмыстар көп.

— Бұл мамандық менің бала кезден арманым болатын. Сондықтан, ешқашан өкінбеймін. Жұмыс болған соң, оның өз қиындықтары болады. Бірақ біз ондай қиындықтарды елемеуге тырысамыз. Қиындықты жеңе білгенде ғана табысқа қол жеткізуге болады емес пе?! Сондықтан біз қашанда қиындықты еңсеріп, тығырықтан жол тауып шығуға тырысамыз. Қылмыстың алдын алу үшін күресеміз. Тәжірибе мен біліктілікті тең ұстап, әділдіктің ақ жолынан таймау, алдыңа келген әр жанның шынайы бет-бейнесін тану, психологиялық қарым-қатынасты бағыттай білу кез-келген заңгердің қолынан келе бермейтін ауыр да жауапты іс. Біз әрқашан қызметте тәжірибе алмасып, тығыз байланыста қызмет атқарамыз. Әрбір жауапты істі жауапкершілікпен нәтижелі аяқтауға асығамыз – дейді ол.