Ауыр жүк көліктеріне айыппұл салынды

198

 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті облыстық көліктік бақылау инспекцияның көшпелі бақылау бекетімен бірлесіп, «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасы аясында Көксәйек, Ақсу, Шаян және Мыңбұлақ бағыттарына жүретін облыстық маңызы бар тас жолының Қарамұрт елді мекенінде ауыр жүк көліктерінің ішкі тәртібіне мониторинг жұмыстарын жүргізді.

Жүргізілген кешенді мониторингтік жұмыстардың негізгі мақсаты – ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүк артуын тоқтату және жаңадан төселген тегіс жолдардың бұзылуына жол бермеу.

Сайрам ауданында жүргізілген кезекті рейдтік шараға «Түркістан – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Д.Ғаниұлы, облыстық көліктік бақылау инспекцияның бөлім басшысы Е.Тусіпбеков, Қарамұрт ауылдық округінің әкімі М.Нажиев пен аудандық кәсіпкерлік және полиция бөлімінің инспекторлары қатысты.

Кешенді мониторинг барысында жалпы саны 20-дан аса ауыр жүк көлігі тексеріліп, оның ішінде жүргізу құжаты болмаған 1 жүк көлігі аудандық полиция бөлімінің инмпекторлары тарапынан әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, ауыр жүк тиеген 3 көліктің салмағы белгіленген мөлшерден асып кеткендігі үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, құны 125 010 (жүз жиырма бес мың он) теңге көлемінде айыппұл салынды.

Одан бөлек, жүк тиелмеген ауыр жүк көліктері тоқтатылып, көліктің салмағы мен артылған жүктің салмағын қоса есептегенде 25 тоннадан артық салмақтан аспау керектігі туралы ақпараттық түсіндіру шаралары жүргізілді.

Алдағы уақытта «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобасының жұмыс жоспарына сәйкес, облысқа қарасты барлық қала/аудандардың жолдарына рейдтік шаралар жіті жүргізіліп, аталмыш жоба аясында жолдардың тез бүлінуіне әкеліп соғатын заңбұзушылықтармен қарқынды күрес әріқарай өз жалғасын табатын болады.