КАРАНТИНДЕ НЕНІ БІЛУ КЕРЕК?

370

Ел ішін індет жайлап, коронавирус пен өкпе қабынуы көбейіп, жұртшылық өз бетінше ем қабылдап жатыр. Осы тұста әлеуметтік желілерде түрлі емделу тәсілдері таралып, оның дені зиянын тигізуде. Тіпті түрлі ем жасауды ұсынып жатқандар да бар. Осы тұста ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Президенттің атына жолдаған видеосы әлеуметтік желіде біршама резонанс тудырған шымкенттік реабилитолог Айна Бакеевамен сөйлескенін айтты, деп хабарлайды coronavirus2020.kz сайты.
– Ем-домның күрделі әдісі бойынша өтінім жасаған дәрігер Айна Бакееваның хабарламасына қатысты біршама сұрақ келіп түсті. Бүгін онымен байланысқа шығып, 40 минуттай сөйлестім. Негізгі проблеманы, дәрігердің нені жеткізгісі келгенін түсіндім. Ол әлеуметтік желілерде, тіпті медицина қызметкерлерінің айтуы бойынша да ем-домның түр-түрі тарап кеткеніне алаңдаушылық білдіріп жатыр. Ем-дом түрлерін әлеуметтік желілерде көріп алған адамдардың да ойы сан-саққа кетеді. Ал кейбір препараттар керісінше, денсаулықты нашарлатады. Сұрақтарға жауап тапқысы келетін мыңдаған адам Айна Бакееваға жүгінеді екен, — дейді Алексей Цой.
Осы орайда ол Денсаулық сақтау министрлігі халыққа арналған кеңестерді ресми бекіткенін мәлім етті.


– Қазір Денсаулық сақтау министрлігі мамандармен бекітілген нақты ресми кеңестерді әзірледі. Ол Денсаулық сақтау министрлігінің сайтына жарияланады. Әлеуметтік желілер арқылы да халыққа жеткізіледі. Ол да (дәрігер Айна Бакеева) ем-дом хаттамасын өз ресурстары арқылы азаматтарға жеткізетінін айтты,- деді министр.
Айта кетерлігі бұдан бұрын Айна Бакеева КВИ науқастарын емдеуге қатысты сын айтып, әлеуметтік желілерге видео жариялаған болатын.
ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғинияттың хабарлауынша, Қазақстанда пневмонияға шалдыққан науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр екен.
– 6 мамырда ел бойынша стационарларда ПТР-тест нәтижесі (коронавирусқа) теріс, пневмониямен 28 мың пациент ем алып жатыр. Науқастардың 98,9 пайызының жағдайы орташа ауыр деп бағаланады. Солардың ішінде 330 пациенттің жағдайы ауыр. Одан басқа стационарларда КВИ бойынша ПТР-тест нәтижесі теріс ЖРВИ немесе басқа тұмау аурулары бар деген диагнозбен 4 мыңнан астам адам емделуде, — деді ол.
Оның сөзінше, КВИ бойынша Қазақстанда соңғы тәулікте 456 науқас стационарға жатқызылған.
— Соңғы тәулікте 456 науқас стационарға түсті. Жансақтау бөлімінде ауыр және өте ауыр жағдайда 260 науқас жатыр. Оның ішінде 12 жүкті әйел, босанғаннан кейінгі ана және бір бала бар,- деді Ажар Ғиният.
Осы тұста елдегі коронавирус жағдайының ушығуына байланысты 5 шілдеден 20 шілдеге дейін екі апталық карантин енгізілді.

«Оңтүстік Рабат», №28, 9 шілде 2020 ж