Коронавирус індеті әрбір үйге еніп, талай жанды жақынынан айырып жатыр. Емі табылмаған вирусқа қарсы күресте дәрігерлер алдыңғы шепте жүр. Түркістан облысында 1712 медицина қызметкері коронавирусты еңсеру жолында аянбай еңбек етуде. 5 дәрігер пневмониядан көз жұмды. Ал Шымкент қаласында 3264 медицина қызметкері коронавирус індетіне қарсы күресіп жатса, 9 дәрігер қаза тапты.

Коронавирус пандемиясы кезеңінде кәсіби борышын атқарып қаза тапқан дәрігерлер «Құрмет», «Парасат», «Барыс» орденімен марапатталды. Ал біз марқұм дәрігерлердің отбасы, туған-туыс, әріптестерімен әңгімелесіп, естелігін жазып алдық.

26 000 АДАМДЫ ЕМДЕГЕН

№1 қалалық емханадағы терапия бөлімінің меңгерушісі болған марқұм Ағзипа Тәжденованың жұбайы Пернехан Мамеев жан жары туралы әңгімеледі:
– Отасқанымызға 33 жыл болды. 3 қызымыз, 2 немереміз бар. Ағзипа ашық мінезді, ақжарқын жан еді. Еңбекқор. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын. Ісіне адал. Жұмысы десе ішкен асын жерге қоятын. Өз білімін үнемі жетілдіріп отыратын. Дегенмен, қыздарының дәрігер болғанын қаламады. Дәрігерлік жұмысы ауыр, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бәлкім қыздарының мойнына мұндай «жүк» артқысы келмеген шығар. Дегенмен, кенже қызымыз «анам сияқты ақ халат киемін» деп қоймаған сон, анасы оны дәрігерлікке емес, стоматология оқуына жіберді. Ағзипам 1986 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина институтын емдеу ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. Осы салада еңбек еткеніне 40 жыл толыпты. 26 мың адамның дертіне шипа тауып берді. Емделушілерінің денсаулығы үшін әрдайым шырылдап жүретін. Коронавирус таралғанда да антына адал бола білді. Түн ұйықтамай, күндіз тынбай, тәулік бойы жұмыс істеді. Сенбі-жексенбі демалысын да, отбасын да ұмытты. Тіпті, үйге келмей жұмысында қонған кездері де көп. Қатты қажып, шаршаса да білдірмеуге тырысып бақты. Бір де бір рет «Шаршадым» деп айтқан емес. Жұмысынан қол үзбеуге тырысты. Тым болмаса бір адамға көмегім тисін, деп шырылдап жүрді. «Демалысқа шық! Тынығып ал!» дегеніме құлақ аспай, «Жұмысыма араласпа!» дейтін. Сөйтіп, «жұмыс-жұмыс» деп жүріп, қалай ауырып қалғанын байқамай қалыпты. «Больничныйға» шыққаны сол еді, 3 күннен соң дерті асқынып, тыныс алуы қиындай түсті. Жағдайы күрт нашарлады. Бірден жедел жәрдем шақырып, ауруханаға жатқызды. 4 күн ем алды, бірақ беті бері қарамады. Бізді тастап кете барды,-дейді жұбайы Пернехан Мамеев.
Індетке қарсы күресте алдыңғы шептен табылған Ағзипа Насырқызының жанкешті еңбегі ұмытылмайды. Оның отбасына Ағзипа Тәжденоваға тиесілі мемлекеттік І-дәрежелі «Барыс» ордені берілді. Мемлекеттік награданы қала әкімі Мұрат Әйтенов табыстады.

«ҚОЛЫ АЛТЫН» ХИРУРГ

Індетпен күресе жүріп қайтыс болған дәрігерлердің қатарында тәжірибелі маман, мықты хирург Жәнібек Мәлібеков те бар. Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының білікті хирургімен иық тіресе жұмыс істеген әріптес-досы, №2 хирургиялық бөлімнің меңгерушісі, хирург Талғат Салтабекұлы әріптесін еске алды.
– Жәнібек 1992 жылы Қарағандыдағы мемлекеттік медицина институтын тәмамдап, осында жұмысқа тұруға келгені әлі есімде. Ол кезде жап-жас бозбала еді. Менің де еңбекке араласқаныма онша көп бола қойған жоқ. Сондықтан да болса керек, екеуміз тез араласып кеттік. Жақсы дос та, әріптес те болдық. Осы аурухананың қабырғасында өткізген 27 жылдық қызметінде өзін тек жақсы жағынан көрсетті. Білікті маман, «қолы алтын» хирург еді. Әсіресе, шұғыл хирургиялық көмек көрсетуде оған тең келер маман жоқ.
Оның оталары әрдайым сәтті шығатын. Тігістері тез жазылатын. «Қолы жеңіл» болғандықтан болса керек, науқастардың көбісі отаны Жәнібектің жасағанын қалайтын. Сабырлы, байсалды әрі көпшіл еді. Адамдармен тез тіл табысатын. Әріптестерімен ешқашан сөзге келмейтін. Әсіресе, орта және төменгі буын медицина қызметкерлерін қатты сыйлап, олардың еңбегін бағалайтын.Тәулік бойы тынықпай, жұмыс істеуден қашпайтын. Дертке шалдыққанын біле сала, өзін оқшаулап, ауруханаға жатты. Дертпен ақырғы демі қалғанша күресті. Дені сау, тепсе темір үзетін Жәнібектің бұл ауруды жеңіп шығатынына біз де сенімді едік. Алайда қаншама жанның дертіне шипа тауып, аяққа тұрғызған әріптес-досымызды мына жаман індет алып тынды,-дейді әріптесі Талғат.
Қамшының сабындай ғана ғұмырын медицина саласына арнап, талай жанды өлімнің құрығынан аман алып қалған Жәнібек Жұмашұлы қайтыс болғанынан кейін «Құрмет» орденімен марапатталды.

БІР БӨЛІМДЕ ІСТЕГЕН ДОСТАР

Бақилық болып, «Құрмет» орденімен марапатталған ақ халатты абзал жандар қатарында Шымкент қалалық диагностикалық орталығының дәрігерлері – Бауыржан Күрекбаев пен Хасым Мамаев та бар. Ортасына сыйлы қос дәрігер туралы әріптестері айтты
– Бауыржан Күркебаев Алматы мемлекеттік медицина институтын 1984 жылы педиатрия мамандығы бойынша бітірген. Өте білікті, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын, байсалды жан еді. Жұмысқа ешқашан кешігіп келген емес. Жұмыстан себепсіз қалмайтын да, сұранбайтын да еді. Бір сөзбен айтқанда қағидасына берік әрі жұмысқа берілген адам болатын. Өкінішке қарай, коронавирусқа қарсы күрес барысында 60 жастағы әріптесіміз, білікті маман Бауыржан Ордабекұлы дерке шалдығып, өмірден озды. Арада бір апта өтпей жатып Бауыржанмен 30 жыл бойы бірге жұмыс істеп, бір бөлімшеде қызмет атқарған әріптес-досы Хасым Мамаев 61 жасында осы індеттен көз жұмды,-дейді ұжымдастары.

– Хасым Махмудұлы еңбек жолын терапевт-дәрігер қызметінен бастады. Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласын дамытуға, халық денсаулығын нығайтуға арнады. Сіңірген көпжылдық адал еңбегі үшін алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған. Бірақ, ол «нағыз марапат – халық разылығы. Дертіне шипа тапқан, ауруынан айыққан жанның алғысы – барлық мақтау-марапаттаудан қымбат» деп айтатын. Алдына келген кез келген науқасты өз жақынындай, бауырындай көретін. Жылы шыраймен қарайтын. Көмек қолын созудан еш аянған емес. Мейлі науқас болсын, мейлі әріптес болсын, бәріне де көмекке асығатын. Антына адал, даналық пен мейірімділіктің бейнесі болған қос әріптесімізден айырылып қалғанымыз өкінішті,-дейді ұжымдас-әріптестері.

«Жұмысқа келгенімде алдымнан шығатындай көрінеді»

Адамзат баласын жалмап бара жатқан індетпен күресте орта буын медицина қызметкерлеріне түсер жүк ауыр. Індетпен күресте аянбай, жанын қиған маманның бірі – Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас мейірбикесі болған, марқұм Гауһар Байменова да «Құрмет» орденімен марапатталды.
Гауһар туралы әріптесі Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас мейірбикенің міндетін атқарушы Жадыра Иманалиева әңгімеледі.
– Арамызда жұмыс істеген, күнде қасымызда жүрген әріптестерімізден айырылып жатырмыз. Бұл біз үшін өте ауыр, әрі қиын,- деген Жадыра Иманалиева көз жасына ерік берді. Өкініштен өзегі өртеніп бара жатқан Жадыра марқұм Гауһар Аштайқызымен жақын құрбы болыпты.

– Осында бірге жұмысқа орналастық. Енді оқу бітіріп келген, бойжеткен қыз едік. Көзді ашып-жұмғанша 30 жылдың да қалай сырғып өткенін байқамай қалыппыз. Бар жастық шағын, бар ғұмырын өз ісіне арнады ғой. Жұмыста өте талапшыл әрі қатал еді. Барлығы талапқа сай болуын қадағалайтын. Ұқыптылықты, тазалықты жаны сүйетін. Соңғы кездері ауырғанына да қараған жоқ. «Мойынсұнсам, жатып қаламын» деп айтатын. Соңғы демі қалғанша жұмыс істеді. Енді міне, арамызда жоқ. Әлі сене алар емеспін. Жұмысқа келгенімде алдымнан қайта шығатындай көрінеді,-дейді Жадыра.

Ońtústіk Rabat, «РАБАТ» газеттері, Отырар TV телеарнасы мен otyrar.kz сайтының редакция ұжымы коронавируспен күресте қайтыс болған барлық медициналық қызметкерлердің отбасына, ұжымына қайғысына ортақтасып көңіл айтады.
Таяуда Шымкент әкімдігі «Шымкент – Қайырымды қала» әлеуметтік қорынан коронавирус кезеңінде қаза тапқан дәрігерлердің отбасына 1 млн теңге берді. Әкімдіктің хабарлауынша, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айтқан 10 миллион теңге көлемінде өтемақы төлеу туралы шешімді арнайы комиссия қабылдайды.
Қадірлі оқырман! Коронавируспен күресте түн ұйықтамай, күндіз тынбай еңбек етіп, адам емдеп жүрген медициналық қызиметкер, волонтер таныс-туысыңыз болса, олардың еңбегі жұртқа жария болғанын қалаймыз. Сондықтан бізге хабарласыңыз. Біз осындай қиын-қыстау кезінде халық денсаулығы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарды көпшілікке танытуға дайынбыз.

Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №30, 23 шілде 2020 ж