Пәтер ұрлығымен айналысқан 2 қылмыстық топ ұсталды

62

 

Түркістан облысы полицейлері «Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 17 пәтер ұрлығын ашты. Шараға криминалдық және әкімшілік полицияның 400-ден астам қызметкері, сондай-ақ жергілікті полиция қызметі мен Түркістан облысы ПД басқа да бөлімшелері жұмылдырылды.

Арнайы құрылған топтар ұрланған мүліктерді сатумен айналысатын адамдарды, олардың ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеріп, күдіктілерді қылмыстық жауапкершілікке тартты.

Сондай-ақ базарлардың аумағын, ломбардтарды және ұрланған мүлікті өткізу мүмкіндігі бар басқа да орындарды тексерді. Нәтижесінде, «Пәтер» жедел-профилактикалық іс-шарасының үш тәулігінде полиция қызметкерлері күшімен 17 пәтер ұрлығы, оның ішінде бұрын жасалған 12 жайт ашылды.

Жедел уәкілдер пәтер ұрлығына қатысы бар 12 күдікті мен 2 қылмыстық топты ұстады. Пәтер ұрлығы-меншікке қарсы жиі жасалатын қылмыстардың қатарында. Сіздің тұрғын үйіңіз бен мүліктеріңізге қылмыстық қолсұғушылықты болдырмау үшін өз мүліктеріңіздің сақталуына қажетті шараларды қолданған жөн.

Мақпал Рысбаева