Шымкентте 30 тұрғынға пәтер кілті табысталды. Баспаналар әлеуметтік осал топ өкілдеріне берілді. Қоныс иелерінің қатарында Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген екі тұлға да бар. Ал жыл басынан бері үйлі болғандар саны 500-ге жуықтапты.
30 қала тұрғыны қоныс тойын тойлады. Соның бірі — Сара Тұтқабаева. Ол 2016 жылы әлеуметтік осал топтағылар қатарында үй кезегіне тұрған. Арада 10 жыл өткен соң 4 баланың анасы баспана алудан күдерін үзе бастаған көрінеді. Ал көптен күткен сүйінші хабар ораза айында жеткен.
САРА ТҰТҚАБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «10 жыл болды өйткені 16 тұрдық. Өз әрекетімізді жасайық деп биыл жатқан едік. Мынадай ораза кезінде аяқ астынан беріп, қуанып тұрмыз. Қуанышымыз қойнымызға сыймай. Бала-шағамызбен келдік. Құдай қаласа 3 бөлмелі пәтер беріп жатыр. 8 этаждан. Кезекте тұрған адамдардың бәріне жұғысты болсын деймін».
Ал Шолпан Танғатова үй кезегіне осыдан 12 жыл бұрын тұрған. Көптен күткен баспанасының кілтін алу рәсімінде оны қолдау үшін туыстары Түркістан облысынан арнайы келіпті. Шолпанның анасы Ұлбике Сүгірбаева қуаныштарында шек жоқ екенін айтады.
ҰЛБИКЕ СҮГІРБАЕВА, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: «Арқаларынан келіп жатырмын. Қуанышқа бола 2 машина болып келдік қызымның арқасынан қуанғанымыз соншалықты. Рақмет барлығыңызға. Әкімге рақмет. — Қызыңыз қаншалықты күтті? — Ой айта алмаймын. Ұзақ күттік. Жүрегі жарылып жатыр қызымның».
Жауапты мамандардың мәліметінше, қазірге дейін жалдамалы тұрғын үй бағдарламасы аясында 485 жанұя баспаналы болған. Бүгін соның ішінде Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілген 2 азаматқа пәтер табысталды. Сонымен қатар, қоныс тойын тойлағандар ішінде бірнеше әлеуметтік топ иесі бар.
КӨПЖАН ТӨЛЕБАЕВ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ М.А.: «ҰОС ардагерлері, оған теңестірілген азаматтар, 1-2 топ мүгедектігі бар азаматтар. Мүгедек бала асыраушы отбасылар. Толық емес отбасылар және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар кілт алып отыр. Пәтерлердің барлығы санитарлық нормаға сәйкес келеді. Таза әрлеудегі пәтерлер болып табылады»
Аталған бағдарлама бойынша беріліп жатқан тұрғын үйлер Асар-2 және Тұран шағынауданында орналасқан. Қазірше мыңға жуық пәтерді тапсырыс бойынша мемлекет сатып алған көрінеді. Ал жыл саңына дейін 1529 отбасыны қуанту жоспарда бар.
Әсел Мәлік






