«Қызым әкесін жек көреді»

142

Ұл әкеге, қыз шешеге жақын болып келеді. Алайда қыз баласы анасымен емес, әкесімен сырлас болып жататыны да бар. Біздің отбасы сондай, бірақ соңғы кездері бірін-бірі сөзсіз түсініп, ым-жымы бір қызы мен әкесінің арасынан қара мысық өтіп кеткендей. Қызы әкесімен сөйлесіп, тыңдамақ түгілі, менің онымен бір шаңырақ астында тұруыма қарсы. Енді қайтпекпін? Қызым мен әкесінің арасындағы қарым-қатынасты қалай жақсартуға болады? Газетіміздің «Тағдыр» айдарына хикаясын баяндап, «Психолог бұрышы» айдарына кеңес сұраған оқырманымыз отбасындағы қиын жағдайды баяндап берді.

АЗАПТА ӨТКЕН 7 ЖЫЛ

– Арман (аты-жөні өзгертілді – ред.) екеуміз отасқанымызға 20 жылға таяды. Бір-бірімізді сүйіп қосылсақ та, алғашқы 3 жылда перзент сүйе алмадық. Емделдік. Бақсы-балгерлерге бардық. Әйтеуір, Алла Тағаланың бұйрығы түсіп, сәби сүйдік. Дәл сол кезде Арманның жұмыс орнында оқыс оқиға болып, ол мүгедек арбасына таңылды. Осылайша құндақтаулы сәби мен арбаға таңылған күйеуді күтіп-бағу менің мойныма жүктелді. Қаншалықты қиын болса да мойымадым. «Алла Тағаланың сынағы» деп қабылдадым. «Тепсе темір үзетін» жолдасым да өзінің дәрменсіз күйіне егілді. «Саған масыл болдым» деп өзін кінәлады. Алайда, қызымды өсіріп, Арманға қызмет көрсету қаншалықты қиын болса да ешкімге алақан жаймадым. Мұңымды айтып, шерімді тарқатуға да уақытым болмады. Күні бойы үй шаруасымен, бала күтімімен жүрдім. Күйеуім жағдайын жасадым. Ал кешкісін баланы тойдырып, бесікке бөлеп әкесіне қалдыратынмын. Ол бесікті тербетіп, әнін айтып оны ұйықтататын. Мен үй маңындағы кафеде ыдыс-аяқ жуып, еденін сүртіп нәпақа тауып жүрдім. Көршілерімнің де үйін тазалап, кілемін жууып азын аулақ ақша алатынмын. Осылайша 7 жылдың қалай өте шыққанын байқамай да қалыппыз.

ЖАҚСЫЛЫҚТЫҢ ЕРТЕ КЕШІ ЖОҚ

Кейіпкеріміз тауқыметі ауыр 7 жылдан соң оның да есігін қуанышты хабар қаққанын айтады.

– Сол кешті есіме алсам әлі де денем тітіркенеді. Дегенмен қорқыныштың арты қуанышқа айналған кеш болды. Жұмыста қыздармен түскі асқа кезекшілік түзгенбіз. Менің кезегім болатын. Соған мәнті дайындамақ едім. Алайда, ыдысты газға қойып, көзім ілініп кетіпті. Көзімді ашсам ауруханада жатыр екенмін. Не болғанын түсінбей қалдым. Жүрегім аузыма тығылды. Қызым мен жолдасымның өміріне алаңдадым. Арман мен қызымның дін аман екенін білгенімде ғана тынышталдым. Егер де менің кесірімнен оларға бірдеңе болса өзімді ешқашан кешірмес едім. Алайда, бұл оқиға біздің өмірімізді күрт өзгертті,- деп көз жасына ерік берген кейіпкеріміз жылап жіберді.
– Манты пісіретін ыдыстағы су қайнап-қайнап таусылыпты. Ыдыстың қатты қызғаны соншама, пластммасса құлақтары еріген. Артынша газ да өшіп қалыпты. Келесі бөлмеде жатқан Арман бір жамандық болғанын сезеді. Әйелін шақырғанымен еш пайда болмаған. Сөйтіп, жанталасып орнынан тұрыпты. Екі аяғын сүйреп келсе, ес-түссіз жатқан қызы мен әйелін көреді. Газды өшіріп, терезелерді ашып, көмекке шақырады. Осылайша олар дін аман қалыпты,-дейді кейіпкеріміз.

Сол оқиға Арманның аяққа тұрып, жүріп кетуіне себеп болыпты.

ӘКЕСІН КӨРГІСІ КЕЛМЕЙДІ

Міне, сол бір оқиғадан соң 5 жыл өтеді. Осы аралықта кейіпкеріміздің отбасы шаттыққа бөленіп, сәбимен толыққан. Арманның жұмысы алға басып, кейіпкеріміз «екі қолын жылу суға малып отырады». Не ішемін, не жеймін деп уайымдамайды. Баласын тәрбиелеп, отбасының берекесін келтіріп отырған кейіпкеріміз отағасының ту сыртынан пышақ сұғып алғанын да байқамапты. Мұны қызынан естігеніне қапалы.

– Соңғы кездері қызымның мінез-құлқы өзгерді. «Өтпелі кезең болар» деп мән бермедім. Қысым жасағым келмеді. Бірақ, оның әкесімен қатынасы мені қатты алаңдатты. Бірге бір дастарханға отырмайды, сөйлеспейді. Тіпті, әкесін көргісі келмейтінін жасырмай айтты. Сабақтан соң үйге кеш келетінді шығарды. Тіпті, кейде мүлдем үйге қонбай қойды. Бұл менің ашу-ызамды келтірді. Сабырлы болуға тырыссам да, осы әрекеті менің төзімімді тауысты. Шынымды айтсам, ойыма не келмеді? Небір арам ойлар санамды жайлады. Сөйтіп, жолдасым кезекті іс-сапарға кеткенде қызыммен сөйлесуге бел будым. Алайда, бұл әңгімеміз отбасымның шырқын бұзады деп ойламадым.

Осылайша кейіпкеріміз қызынан күйеуі Арманның басқа біреумен көңіл қосып жүргенін естиді. Бұған сене алмайды. Қызы да әкесі жайлы мұндай сұмдықты анасына айтқысы келмегенін, бірақ, әкесінің опасыздығына енді көз жұмып жүре алмайтынын айтыпты. Себебі, анасының алданғанын, әкесінің оны ақымақ қылғанын қаламайды екен.

ТУ СЫРТЫМНАН ПЫШАҚ СҰҒЫП АЛДЫ

– Алғашында сенбедім. Қызыма ұрыстым. Әкесі жайлы мұндай нәрсе айтуға қалай ұялмайтынын сұрадым. «Біз бір-бірімізді қатты сүйеміз. Қаншама қиындықты бірге жеңдік. Мұндай опасыздық жасауы мүмкін емес» деп ойладым. Алайда, қызым көзімді ашты. Арманның іссапарға жиі-жиі кететіні бекер емес екен. Оның кешкі «бизнес» кездесулері де жұмысына қатысты болмай шықты.

Қызынан бар шындықты білген кейіпкеріміз қатты күйзеліпті. Шындықтың салмағы оны морт сындырды. Өз-өзіне қол жұмсауға дейін барыпты. Одан түк шықпаған соң, дертіне шипаны арақтан іздеген. Бірақ, аналық мейірімі «алданған әйелден» күштірек болыпты. Өз-өзін қолға алуға имам уағызының да септігі тиген. Осылайша, кейіпкеріміз «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ», «Алла Тағала кешірімшіл болуға үгіттейді» дегенді ұстанып күйеуінің ағаттығына көз жұма қарайды. Алайда, қызы оның бұл әрекетін құптамайтын көрінеді.

– Екі перзентім бар. Қызым бойжетіп қалды. Ұлым да артынан еріп келеді. Бір өзім оларды қалай аяққа тұрғызамын? Қаншама қиындықтан соң күйеуімді қайдағы бір әйелдің иемденіп кетуіне жол беремін бе? Осы ойдың жетегімен Арманға кешірім бердім. Бастысы, қателігін мойындады, түсінді. Мені шексіз сүйетінін айтады. Ең бастысы сол. Бірақ, қызымыздың оны кешірер ойы жоқ. Маған: «таңдау жаса!» деп отыр. Мені «бос, намысы жоқ, әлсіз әйелсің» деп кінәлайды. «Әкесіз-ақ өмір сүре аламыз, оның бізге керегі жоқ!» дейді. «Бір рет қателессе, екінші рет қайталамайтынына кім кепіл? Тағы да кешіреді. Менсіз өмір сүре алмайды» деп ойлайды ғой деп күйгелектеніп жүр. Арман менің көңілімді тапқанымен енді өз перзенті үшін жат адамға айналғанына құлазып жүр. Қайтпек керек? Қалай қызымыздың көңілін табуға болады?

Жазып алған – Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №28, 9 шілде 2020 ж