Шымкент қаласында әлі де дәрі-дәрмек жетіспеушілігі байқалуда

141

 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті жанынан құрылған арнайы Жұмысшы топтың ұйымдастыруымен бірқатар дәріханаларға дәрі-дәрмек бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында мониторинг жүргізді.

Екінші күні жүргізілген мониторинг барысында дәріханаларда дәрі-дәрмектердің әле де жетіспейтіндігі, кассалық аппараттардың болмауы мен чексіз, тіпті кейбір дәріханаларда рецептсіз дәрілерді сатуы анықталды.

Арнайы жұмысшы топпен бірлесе мониторинг жүргізуге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев қатысып, орын алған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар атқаруды тапсырды.

Жұмысшы топ мүшелері қала орталығы мен базардағы дәріханалардағы дәрі бағасына мониторинг жүргізді.

«Бүгін 10-ға жуық дәріханаларды аралап, олардың бағасына, қажетті дәрі-дәрмектердің болуына мониторинг жүргіздік. Іс-шара өткізуімізге бірден-бір себеп қала тұрғындарының арызы болды. Әлі де дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі, рецептсіз, чексіз дәрілерді өткізу жалғасып жатқандығын байқадық. Орын алған кемшіліктер бойынша растайтын құжаттарымен бірге дәріхана атауын көрсете отырып Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау Шымкент қаласы бойынша департаментіне шара қолдану үшін жолданады» — деді «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Жани Қамбар.

Сондай-ақ, азаматтар дәріханалардағы қандай да бір заңбұзушылықтарға, кемшіліктерге тап болса аудио, бейне жазбалар мен ұсыныстарды, шағымдарды 8702 000 24 94 және 8775 306 78 50 WhatsApp нөмірлеріне дәріхана атауын көрсете отырып жолдай алатындығын хабарлады.

Алдағы уақытта Жұмысшы топ дәрі-дәрмек құнына тұрақты мониторинг жүргізуді жүйелі түрде жалғастырады.

Айта кетейік, жұмысшы топтың құрамына Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің қызметкерлерімен қатар денсаулық сақтау басқармасы мен Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау департаментінің, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мен Арнайы мониторингтік топтың және жастар мәслихаты өкілдері мен қоғам белсенділері енді.