«Ұстаз жетіспеушілігі бар аймақтарға барған мамандардың жалақысы екі есеге өседі»

138
фото 24.кз

Қазіргі таңда Атырау, Маңғыстау, Түркістан және Алматы облыстарында мұғалімдер тапшы. Кадр жетіспеушілігін шешу үшін министрлік арнайы бағдарлама қабылданып жатқанын айтты.

Ал оған қажет тиісті қаржы бөлінуде. Министрдің сөзінше ұстаз жетіспеушілігі бар облыстарға барған мұғалімдердің жалақысы 2 есе өседі.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Біріншіден, мұғалім тапшылығы бар өңірлерге барған әріптестеріміздің жалақысы екі есе көп болады. Бірақ оларға КРІ ретінде көрсеткіштер қойылады. Екіншіден, оларға жұмыс істеген уақытта баспана беріледі, үйдің коммуналдық шығындарын мемлекет өтейді. Осылайша, ең үлкен тапшылық бар өңірлердегі мәселені шешіп жатырмыз».

Сонымен қатар, білім беру саласында тағы бір жаңалық. Енді халықаралық олимпиада, шығармашылық және спорттық жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстанның жоғары оқу орындарында ҰБТ тапсырмай-ақ тегін білім алады.

Сондай-ақ халықаралық дода жеңімпаздарына алтын медаль үшін – 4,5 млн, күміске – 3, ал қола жүлдеге 1,5 млн. теңге көлемінде сыйақы беріледі. Және жеңімпаз оқушыны дайындаған ұстаздарға да қаржылай сыйақы қарастырылған.

Гүлдана Дәурен