Жазасын өтеушілер диплом алды. Шымкенттегі түзету мекемелеріндегі жүздеген сотталған азамат арнаулы білімін дәлелдейтін құжатты еншіледі. Абақтының арғы жағында оқу оқып, кәсіби сауатын арттырған сотталғандар енді тұрақты жұмысқа тұрып, жалақы алу мүмкіндігіне ие болады. Темір тордағы мүмкіндіктер туралы толығырақ…
Маусымның соңғы күнінде жазасын өтеушілер қолдарына диплом алды. 167/3 түзету мекемесіндегі жүздеген сотталған азамат осылайша техникалық мамандық иесі атанып, арнаулы білімін дәлелдейтін құжатқа қол жеткізді. Елімізде қалыптасқан коронавирус індетіне байланысты дипломдарды табыстау рәсімі де арнайы сақтық шаралары аясында, қатаң тәртіппен өтті.Қолына диплом алғандардың бірі — Бағлан Балабеков. Ол осыдан 2 жыл бұрын денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтiру бабы бойынша 6 жылға сотталып, түрмеде тіршілігін жасап жүр.
Бағлан Балабеков, жазасын өтеуші: «Мен колледжде тігінші мамандығын меңгердім. Әрине, бұл мамандық оңай емес. Майда әрі күрделі жұмыс. Бірақ, еңбекқорлығым арқылы бұл тігінді де үйреніп алдым. Енді осы түзеу мекемесіндегі өндіріс орнына жұмысқа тұрып, жалақы алсам деймін. Болашақта бостандыққа шыққанда да арнайы тігін цехын ашып, кәсіп бастау жоспарымда бар».
Биылғы оқу жылында Түркістан индустриалды құрылыс колледжін тәмамдағаны туралы құжат ИЧ 167/3 түзету мекемесіндегі 124 жазасын өтеушіге берілді. Олар мұнда тігінші, жиһаз анықтаушы, құрылыс шебері сияқты өздері осында таңдап түскен 6 техникалық мамандықты тәмамдап шықты. Айта кетейік, сотталғандар осы арнаулы орта білімді 10 ай бойы күніне 6 сағаттан оқып, меңгерген. Енді алған білімі бойынша жұмысқа орналаспақ.
Бағдат Әсілбеков, ИЧ 167/3 түзеу мекемесінің бастығы: «Сотталған азаматтар бұл дипломмен осы түзеу мекемесіндегі өндіріс орындарында жұмыс істеп, жалақы ала алады. Және алған қаржысымен жәбірленуші тарап алдындағы берешегін өтеуге мүмкіндігі бар. Сондай-ақ, бостандыққа шыққанда да бұл дипломның пайдасы тиіп, олар жұмысқа орналаса алады немесе жеке кәсіп ашуына болады».
Шымкент қаласы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаменті ұсынған мәліметке сүйенсек, мұндай арнайы кәсіптік колледж қаладағы ИЧ 167/4 — әйелдерге арналған қатаң режимдегі абақты және ИЧ 167/2 мен 167/3 түзету мекемелерінде бар. Биылғы оқу жылында осы үш түзету мекемесі жанындағы аталған колледжді 350 адам аяқтаған. Дені — арнайы тігінші мамандығын меңгеріпті.
Мөлдір Бекеева