ТӘУЛІК БОЙЫ ҚЫЗМЕТТЕ

122

 

Полиция болу – қырағылықты талап ететін мамандық. Ордабасы АПБ қызметкері Ерлан Бугенбаев бүгінде бұл қызметті абыроймен атқарып келеді. Кезекші бөлімнің жедел кезекшісі тәулік бойы көз ілмей, қызмет атқаруда.

— Бөлімде тәулік бойы халықтан түсетін хабарламаларды, аудан тұрғындарының арыз-шағымдарын қабылдаймыз. «102» телефонына түскен хабарламалар бойынша шұғыл әрекет етіп, арнайы топты оқиға орнына жібереміз. «Біреуді ұрып кетті, түнгі уақытта тыныштығымызды бұзды» деген хабарламалар жиі тіркеледі. Одан бөлек мал ұрлығы, ұсақ бұзақылық, тұрмыстық оқиғалар бойынша хабарласатындар бар – дейді полиция капитаны.

Ерлан Қадырбекұлы Ордабасы ауданы Қажымұқан ауылында туылған. Жергілікті жерде орта мектепті бітірген соң, Алматы заң академиясында жоғары білім алған.
Ал, еңбек жолын Талдықорған қаласында жедел уәкіл болып бастаған. Кейін Шымкентте жергілікті полицияда қызмет атқарады.

Бүгінде полиция капитаны Ордабасы АПБ кезекші бөлімінің жедел кезекшісі.
— Кезекші бөлімнің шұғыл әрекетімен орын алған қылмыстық оқиғалар тез арада анықталып, ашылып жатады. Мәселен, Шұбарсуда кісі өлімі орын алды. Жедел жәрдем хабарласып жағдайды айтты. Жәбірленушінің көкірек тұсында пышақ бар екен. Дереу жедел тергеу тобын жіберіп, басшыларға хабар бердік. Нәтижесінде қылмыс екі сағаттың ішінде ашылып, күдікті ұсталды. Қылмыстың алдын алу үшін де күресудеміз – дейді ол.

Ерлан Бугенбаев бос уақытын спорт залда өткізеді. Доп теуіп, футбол ойнайды. Отбасымен бірге қыдырып, қызықты фильмдер тамашалайды.
Орайы келгенде айта кетейік, бүгінде полиция капитаны жұбайымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.