Аурухананың былығын әшкереледім деген дәрігер жұмыстан қуылды.
Түркістан облысы, «Абай» Келес аудандық ауруханасының хирург-дәрігері Қайрат Сейдуалиев ауруханада ота жасауға берілген қолғаптардың сапасыз әрі жарамсыз күйде екенін жайып салған. Осылайша қолына кимек түгілі, ұстай бастағанында-ақ ыдырап, жыртыла бастаған әлгі қолғаппен әлек болған сәтін видеоға түсіріп, онысын әлеуметтік желіге жүктеп жібереді. Осылайша ол «коронивирус» пандемиясы кезінде жұртшылықтан өзін қолдауды өтініпті.
«Қазнетте» қызу талқыға түскен осы бейнежазбадан соң дәрігердің жұмыстан босатылғаны белгілі болды. 33 жастағы ақ халаттының айтуынша, ол аудандық ауруханаға осыдан 8 жыл бұрын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша орналасқан. Және 7 жыл хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін де атқарыпты. Бірақ, 2020 жылдың ақпанынан бастап яғни ауруханаға жаңа басшылық тағайындалғалы қызметте өзін себепсіз қудалаумен қатар, медициналық құрал-жабдықтарға тапшылық жиіледі дейді.
Қайрат Сейдуалиев, хирург-дәрігер: «Сапасы жағынан өте төмен, тіпті талапқа сай емес қолғаптардың жарамсыз екенін көрсеткенім үшін аурухана басшылығы — бас дәрігері, бас дәрігердің орынбасары, кадр бөлімінің басшысы, заңгері, аурухананың кәсіподақ төрағасы, сондай-ақ олардың мүшелері — 10 шақты адам маған қарсы хаттама түзіп, мені бұйрықпен жұмыстан босатты. Бұйрықты қолыма 3 минуттың ішінде әкеп берді. Мен аурухана басшыларынан алтын сұраған жоқпын, өзімнің жағдайымды жасап бер деп материалдық көмек те сұраған жоқпын, мынау коронавирус пандемиясы болып жатқан кезде қорғану үшін сапалы қолғап сұрадым. Мен қарапайым дәрігермін, сонда ақшасы жоқ, танысы жоқ, туысы жоқ дәрігерлер осындай қысымға ұшырай беруі керек па? Әділдік қайда? Заң қайда?».
Ал аурухананың бас дәрігері қызметкерінің жұмыстан босатылуына бірнеше себеп болғанын айтады. Жалған ақпарат таратумен қатар науқас тарапынан түскен арызға байланысты арнайы комиссия дәрігерді жұмыстан шығаруға мәжбүр болыпты.
Аида Бексұлтанова, «Абай» Келес аудандық ауруханасының бас дәрігері: «Қайрат Сейдуалиев емханада қолғаптар түрлі өлшемдерімен бола тұра емхана меңгерушісіне және аға медбикеге талаптама бермей немесе өзі барып сұрамай, өзінің жеңіл мінезімен жала жауып, оны видеоға түсіріп желіге салып жіберген. Екіншіден, Қайрат Сейдуалиев 2020 жылдың ақпан айында тәртіптік шара ретінде ескерту алды. 2020 жылдың 30-наурызында бұл дәрігердің үстінен науқасты қарамай, 3 сағат көлемінде көмек көрсетілмегені туралы арыз түскен».
Комиссия шешімімен келіспеген хирург енді денсаулық сақтау басқармасының басшылығы мен бас дәрігерді өзін жалған жаламен жұмыстан қуды деп Ел Президентіне арызданамын деп бекініп отыр.
Мөлдір Бекеева