Түркістан облысында өз үйінен заңсыз ем қабылдау орнын ашып, дәрі-дәрмек сатқан тұрғын ұсталды.
Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Келес АПБ-нің қызметкерлерімен бірлесіп, қымбат бағада, заңсыз дәрі-дәрмек сатудың алдын алу, болдырмау мақсатында тексеру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шарасы барысында, Ынтымақ ауылының тұрғыны анықталды. Ол үйінен заңсыз, стандартқа сай емес, лицензиясы жоқ ем қабылдау бөлмесін өздігінен ашып алып, келген науқастарға жоғары бағада дәрі-дәрмек препараттарын сатып, онымен қоса егіп беру кезінде ұсталды.
Тәртіп сақшылары жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде, анықталған заңсыз ем қабылдау орнынан айғақтық зат ретінде 28 түрлі дәрі-дәрмектердің 311 қорабын, 50 дана система, 100 дана шприц, 36 дана бетперде, 10 дана мақта тәркілеп алды. Тергеу барысында тұрғын дәрі-дәрмек препараттарын қымбат бағада сатқанын мойындады.
Заңдылығын тексеру үшін Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасымен қауіпсіздігіне бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша басқармасына жолданды.
Айта кетейік, бүгінгі күнге дейін облыс полицейлері заңсыз үстеме бағамен дәрі сатудың 25 жайтын анықтап, 2000-ға жуық дәрі-дәрмектерді тәркілеп алған.
Мақпал Рысбаева