«Жан құрбым күйеуіммен көңілдес…»

513

«Өмірдің өзі…» айдарына тағы бір оқырманымыздан хат келіпті. Басынан өткен оқиғаны оқырман талқысына салуды жөн көріпті. Сатқындық, арамдық, аярлық, орға итеру сынды адам бойындағы ең жиіркенішті қасиеттерден өзгелер сақтанса екен деген ойы бар екен. Сонымен…

«Мектепте бірге оқыған жан құрбым Бануға бар сырымды ақтарып, өмірлік сырлас, өмірлік жан дос санайтынмын. Іштегі қоямды суырып алардай қасиеті бар-тын. Айтпаймын деген сырларымды қалай атып қоятынымды білмейтінмін. Екеуміз мектепті бірге бітірдік, жоғары оқу орнын да бірге тәмәмдадық. Енді бірге жақын достарға күйеуге тисек деген жасырын арманымыз болатын. Бірақ ол арманымыз орындалмады. Жұмысқа тұрған соң уақыттың сырғып өтіп бара жатқанын байқағандаймыз. Жасымыз біразға барып қалды. Осылай жүре берсек кәрі қыздар армиясын толықтыратынымыз анық еді… Жұмыста бір апайым өзінің жақын інісімен таныстырды. Тәп -тәуір жігіт көрінді. Арманым қалада қалу болғанымен, ауылда ата-анасына қарайласатын бала болған соң ары ойланып, бері ойланып, бұдан кейін жөні түзу жігіт кезіге ме, кезікпей ме, деп ақыры келісімімді бердім. Құм суырған айдаладағы ауылдан алғаш барғанда-ақ безіп кеткім келгенін несіне жасырайын?! Көз тоқтатып қарайтын бір талы жоқ, ыстығы күйдіріп жіберердей қаңыраған ауыл расында ит байласа тұрғысыз-ақ екен. Амал жоқ, зорға тапқан күйеу болған соң, шыдамасқа амал кем. Үш күннен соң үйренетін тозақтың керіндей болды. Өстіп жүріп екі балалы болдық. Келін болып босаға аттаған соң есігінің алдында үрерге иті жоқ үйіміздің іші майланды.

Малдан басқа күнкөрісі жоқ ауылда төрт түліктің басы құрала бастады. Аз ғана уақытта отарлы малы көп бай-манапқа айналды күйеуім. Қайынатам жақсы кісі-тін. «Келінімнің аяғы құт боп келді» деп онысын жасырмай айтып та отыратын. Малдың біразын сатып, көлік алдық. Артылғанына үйді жөндедік. Аз жылда ауылдағы бақуатты отбасыға айналдық. Қайынатамның артынан енем де о дүниелік болды. Бізді бұл жақта ұстайтын ешкім қалмаған. Күйеуімді қалаға көшейік деп құлақ етіп жейтін болдым. Ақыры көндірдім- ау. Малдың біраз отарын саттық. Біразын малшы жалдап, қора қопсыны тастап қалаға бет түзедік. Жақсы ауданнан, сыңғырлап тұрған 6 бөлмелі үйді бір жылда-ақ тұрғызып, кіріп алдық. Баяғы жан құрбым Бануды тауып алғам. Әлі тұрмысқа шықпапты. Көк етікті қалмаған, көн етіктіге болса да тимейтіні бесенеден белгілі. Пәтер жалдап, тұрып жатқан жайы бар екен.

Күйеуім кішігірім дүкен ашты. Азық — түлік қашанда өтімді ғой. Ә дегенде сауда қызып берді. Жағдайымыз бұрынғыдан да жақсарды. Күнделікті түсетін табыс бар. Жұмысқа шыққанды қолай көрмедім. Қызылды жасылды қаланың өмірі бізді иіріміне тартып әкетті. Өзімізбен деңгейлес адамдармен араласып, құраласа бастадық. Құм суырған ауылдың баласы демде қаланың қызығына күмп беріп қойып кетті. Күйімнің бір дүниенің соңына түссе, тоқтай алмайтын қасиетін осы кезде байқадым. Жолдасымның қызық-құмарлығы қыз-келіншек болды. Күн сайын әдемі киініп, иіс суын себініп кеш жақын шығып кетеді. Әрине оның балық аулауға кетіп бара жатпағанын әйелдік түйсігіммен сеземін. Ішімде қызғаныштың қызыл иті тырмалап жатса да, «қашанғы жүрер дейсің, қояр» деп өз өзімді басатынмын.

Көйлегінің жағасы далаппен былғанып, іш киімі жоғалып келсе де үндемедім. Жастыққа жасымды шылап шығатын түндерім көбейді. Ақыры сарқылмайтын сабырдың, таусылмайтын төзімнің де көбесі сөгілді. Ұлы айқай болды үйімізде. Мойындамады. Мойнындағы еріннің іздерін көрсеткенімде де танып шықты. Оның мұндай екіжүзділігін бұрын байқамаған едім.

Балаларым жақсы мектепте оқысын, білім алсын деп қалаға келгендегім осы болды. Өмірім тозаққа айналғандай. Күрсінісім көбейген күндерім өтім жатты осылай. Құрбым Бануға бар сырымды, шынымды айтып, көз жасымды көлдетіп, ақтарылып аламын. Жеңілдеп қалғандай боламын. Ол жұбатқансиды…

Күйеуімнің көңілдестері енді мені мазақтауға көшті. Үйге қонбаған түндері оның телефонынан нешетүрлі хабарламалар келеді. «Далбаянка, ауылыңа қайтсаңшы, не істеп жүрсің мұнда. Итің адасты ма? Күйеуің мендік. Енді саған бармайды. Ажырасады сенімен…» деген сарындағы нешетүрлі хабарламаларды оқығанда өзімді өзім өлтіргім келетін. Ертесіне дым болмағандай жылмиып келіп тұрады күйеуім.

Бір жолы әбден ызамды келтірген бір көңілдесімен ұстап алдым. Дәмханада тамақтарын енді алдырып отыр екен. Екеуі де мәз. Бақыттан бастары айналғандай. Мына картинаны көріп жынданып кете жаздадым. Келе сала сары шайтанның шашына жармастым. Бар ашуым басым шауып, қаным қарайып жүргем, тіптен көтеріліп кеттім. Дәмханадағы бүкіл қауым қызық картинаға қарық болды. Шашын жұлып, жерге жатқызып тепкіледім. Айызым қанғандай болды. Көк ала қойдай сабап, әрпі тәрпісін шығардым. Шашына жармасқан қолымды күйеуім ажырата алмады. Ол жерден қалай кеткенім есімде жоқ.

Сары шайтан арызданыпты. Өзгелердің өміріне қауіп төндіргенім үшін қамап тастады мені. Ойлануға уақыт көп. Бүкіл өткен өмірімді көз алдымнан өткізіп, сараптап шықтым. Қателігім қайсы, кем кетігім қайсы, дұрысы қайсы, бұрысы қайсы? Бәріне көз жеткізгендей болдым…

Басы салбырап, күйеуім келіп шығарып алды. Сонда түнеген үш күнім тозақтың үш түнімен пара пар болғандай болды. Үйге келе күйеуіме ажырасайық дедім. «Жоқ, келісімімді бермеймін» деп басын ала қашты. Мұндай ит өмірден шаршадым деп бар азабымды айтып шықтым. Түсінгендей болды. Үміт оты жанғандай-тын. Осыдан кейін күйеуім түнгі жорыққа шыққанды қойғандай болды. Уақытша екен… Баяғы әуен тағы басталды. Жылау, сықтау, түнімен көз ілмей таңды атыру…

Бұл жолғысы әжептеуір қызметте істейтін келіншек көрінді. Таң қалғаным күйеуі бар екен. Күйеуі, бала шағасы бар адамның мына жүрісі расында таңқалдырды мені. Өзі хабарлама жазып, мазақтауын бастады. «Ауылбайка, күйеуің мені жақсы көреді. Кетсеңщі, көңілден де, өмірден де…» деген хабарламасын жіберіпті. Күйіндім, аһ ұрдым. Айдаладағы біреулердің мазағына айналғаныма жыным келді. Ақыры оның қайда істейтінін, күйеуінің телефон номерін таптым. Өткендегі сценарий бұл жолға жүрмейді. Күйеуіне ұстап беріп, масқарасын шығарғым келді. Қызметтестерінің алдында да жер қылғым келген. Бірақ … олай ете алмадым. Бала шағасының обалын ойладым. Күйеуінің намысын ойладым. Ол әйел менің жүйкемде ойнаса да мен оның тағдырымен ойнай алмадым…

Онымен күйеуімнің романы ұзаққа созылмады. Еліктіре алмаса керек. Тез айырылысты…

Қызықтың көкесі енді басталғандай. Басқа адам таппағандай күйеуім жан құрбым Бануға көз салыпты. Сол сәт күйеуімнің емес, Банудың сатқындығына жаным күйді. Бар сырымды, бар шынымды білетін жан досымның аярлығына төзе алмастай едім. Өмірде осындай да болады екен-ау. Басымнан сипап жұбататын жан құрбым осылайша күндесіме айналды.

Мені дым білмейді дейді ау, екеуі көздерімен «сөйлесіп» отырғанда жаным күйеді. Не істесем екен?!…».

Айбаршын,