Шымкентте жол кептелісін азайтатын жаңа көлік дәлізі бой көтеріп келеді. Таскен тұрғын алабын Тұран шағынауданымен жалғайтын Ақсүмбе көшесінің жалғасында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жоба қаланың көлік қатынасын едәуір жеңілдетуге мүмкіндік бермек.
Тұран-1 мен Тұран-2 шағынаудандарында халық санының артуы көлік қозғалысына да әсер етті. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жолдарға түсетін жүктеме айтарлықтай көбейген. Сондықтан қазір Көлік кептелісін азайту үшін Ақсүмбе көшесінің жалғасы салынып жатыр. Мамандар құрылыс сапасына ерекше көңіл бөліп, жол табанының тығыздығын арнайы құрылғылармен тексерді. Тіпті зертханалық сынамалар да алды.
ЕРНАРБЕК МӘМЕТ, «ЖОЛ АКТИВТЕРІ САПАСЫНЫҢ ҰЛТТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ» РМК ШҚФ ИНЖЕНЕРІ: «Ақсүмбе көшесінің құрылыс учаскесінде топырақтың тығыздығын арнайы әдіспен тексердік. Сонымен қатар зертханалық сынамалар алынды. Барлық үлгілер зертханада толық сараптамадан өткізіліп, нәтижесі 10 жұмыс күні ішінде тапсырыс берушіге жолданады».
Құрылыс барысында пайдаланылатын материалдардың сапасы мен орындалған жұмыстардың талаптарға сәйкестігі тұрақты бақылауда. Мамандардың айтуынша, мұндай тексерулер жолдың беріктігі мен ұзақ мерзім қызмет етуіне кепіл болады. Ал Жобаның жалпы ұзындығы – 2 шақырымға жуық. Жол төрт жолақты болады. Сонымен қатар жаяу жүргіншілер жолы, жарықтандыру жүйесі және қажетті инженерлік инфрақұрылым қарастырылған. Жаңа жол Жібек жолы көшесі арқылы Тұран шағынауданына қатынасты жеңілдетіп, көлік қозғалысын едәуір оңтайландырады.
БАҒДАТ ОРЫНБАЙ, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: «Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қараша айында басталды. Нысанды осы жылдың соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда құрылыс аумағына кіретін жер учаскелері мен тұрғын үйлерді мемлекет мұқтаждығына алу жұмыстары жүргізілуде».
Жалпы биыл Шымкентте ұзындығы 238 шақырымды құрайтын жаңа жолдар салынып, 13 ірі инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Сонымен қатар Қонаев даңғылының құрылысы толық аяқталып, А-2 айналма жолының құрылысы жалғасады. Мамандар бұл жобалар қаладағы көлік кептелісін азайтып, тұрғындардың қатынасын әлдеқайда қолайлы етеді деп отыр.
Лаура Бабас






