Енді қазақстандықтар Мемлекеттік Туды жеке тұрғын үйлерге ресми түрде іле алады. Үкімет тиісті қаулыны қабылдап, жаңа тәртіп 13 шілдеден бастап күшіне енеді. Алайда Туды кез келген жерге орналастыруға болмайды. Оны пайдалану мен ілудің нақты талаптары бекітілген. Мемлекеттік рәмізді қалай дұрыс пайдалану керек? Қандай әрекеттерге заңмен тыйым салынған?
Қазақстанда балконға туды ілуге ресми түрде рұқсат берілді. Бұл туралы үкімет қаулысына премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған. Қаулы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық банкінде жарияланды.
«4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«4. Патриоттық сезімін, қазақстандық бірегейлікті, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын жеке және заңды тұлғалардың ғимараттарда (тұрғынжайларда және тұрғын емес үй-жайларда), оның ішінде балкондарда (45 градус бұрышпен) және салтанатты іс-шаралар өткізілетін жерлерде пайдалануына (орнатуына, орналастыруына) болады»
ҮКІМЕТ ҚАУЛЫСЫ
Жаңа қаулы 13 шілдеден бастап күшіне енеді. Мемлекеттік Тудың көлеміне қарамастан, ол ұлттық стандарттарға сай болуы тиіс. Сонымен қатар, Туды пайдалану кезінде белгіленген талаптарды сақтау міндетті. Мәселен, жеке тұрғын үйлерде Ту жерден кемінде үш метр биіктікте орналастырылуы керек және жерге, еденге немесе су бетіне тимеуі тиіс. Сондай-ақ Мемлекеттік Туды қасақана бүлдіруге, өртеуге, жыртуға, жерге тастауға немесе оның мемлекеттік рәміз ретіндегі қадір-қасиетін төмендететін кез келген әрекетке жол берілмейді. Бұдан бөлек, Туды жарнамалық мақсатта, киім-кешекке, төсек-орынға, перде, дастарқан, кілемше немесе басқа да тұрмыстық жабын ретінде пайдалануға тыйым салынады. Ал бұл өзгеріске тұрғындар қалай қарайды?
«Егер балконға ілетін болса, жақсы. Бірақ басқа жерлерде жатуы мүмкін, түсіп кетуі мүмкін, оған қарау керек. Ол дұрыс ілініп тұруы керек».
«Енді ол аяқасты қылып жатқан жоқ қой. Балкон жоғарыда ілініп тұр ғой. Болады, неге болмасқа? Әркім өзінің патриоттық сезімін оятады. Ту деген мемлекеттік рәміз емес пе?».
«Орны бар ғой Тудың. Сол орында тұруы керек. Мәдениет үйінде, конторда, әкімшілікте».
Айта кетейік, бұл қаулы «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заңға сәйкес әзірленген. Құжат Мемлекеттік Туды, Мемлекеттік Елтаңбаны және олардың бейнелерін, сондай-ақ Мемлекеттік Гимн мәтінін пайдалану тәртібін нақтылайды.
Дилара Иса






