Түркістан облысында бейнебақылау арқылы 30 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Түркістан облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тәулік бойы үздіксіз жүргізілуде. Полиция департаментінің жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы құқық бұзушылықтар дер кезінде анықталып, полиция қызметкерлері жедел шаралар қабылдауда.
Жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 30 мыңнан астам дерегі тіркелді. Оның ішінде 22 жүргізушінің жолдың қарсы бағытына шыққаны анықталды. Әрбір құқық бұзушылық бойынша полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тартуда.
Осындай деректердің бірінде Toyota Camry автокөлігінің жүргізушісі жолдың қарсы қозғалыс жолағына шығып, өзге жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Оқиға туралы ақпарат түскен бойда жедел басқару орталығының кезекші қызметкерлері жақын маңдағы патрульдік полиция жасағына бағыттама берді. Нәтижесінде патрульдік полиция батальонының қызметкерлері құқық бұзушыны жедел анықтап, оған қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік шаралар қабылдады.
Полиция департаменті жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау жүйелері мен патрульдік полиция жасақтары тәулік бойы күшейтілген режимде қызмет атқаратынын еске салады.
Заманауи бақылау құралдары мен тәртіп сақшыларының үйлесімді жұмысы жол-көлік оқиғаларының алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жолдағы тәртіп пен қауіпсіздік – әрбір жол қозғалысына қатысушының ортақ жауапкершілігі.







