Қазақстанның Конституциялық Соты жаңа Конституциядағы лауазымдық мерзімдерге қатысты маңызды түсіндірме жариялады.
Президенттің ресми өтініші негізінде қаралған мәселе 1995 жылғы Конституция кезеңінде мемлекеттік қызмет атқарған тұлғалардың 2026 жылғы 1 шілдеден кейін дәл сондай лауазымдарға қайта сайлануы немесе тағайындалуы мүмкін бе деген сауалға қатысты болды.
Конституциялық Соттың түсіндіруінше, 2026 жылғы 1 шілдеге дейінгі барлық өкілеттік мерзімдері жаңа Конституциядағы мерзімдік шектеулерді есептеу кезінде ескерілмейді. Демек, жаңа Конституция күшіне енгеннен кейінгі сайлану немесе тағайындалу алғашқы рет жүзеге асқан сайлану немесе тағайындалу ретінде қарастырылады.
Сот жаңа Конституцияда көзделген шектеулер тек ол күшіне енгеннен кейінгі құқықтық қатынастарға ғана қолданылатынын атап өтті. Осыған байланысты, 1995 жылғы Конституция қолданыста болған кезеңде мемлекеттік лауазым атқару фактісі азаматтың 2026 жылғы 1 шілдеден кейін тиісті қызметке қайта сайлануына немесе тағайындалуына конституциялық-құқықтық кедергі болып саналмайды.

