Бетперде кимеген азаматтарға айыппұл салынуда

151

«Жақыныңа жанашыр бол!». Бұл бүгінгі күннің ұраны болып тұр. Дүниені дүрліктірген дүлей тәжді-тажалдан сақтанудың түрлі жолдары ұсынылуда. Бетперде тағып, ара қашықтықты сақтап, қоғамдық орындардан бойды аулақ ұстау жөнінде түсіндіру шаралары ұдайы жүргізілуде.

Осыған орай құзырлы органдар қадағалауды күшейтіп, арнайы тексеру жұмыстарын мықтап қолға алды. Ал індеттің таралуын азайту мақсатында бетперде кимеген азаматтарға талап күшейіп, айыппұлдар салынуда.

Осыған орай, Түркістан облыстық полиция департаментіне қарасты Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен 6 мобильдік топ құрылып, қала ішінде күнделікті рейдтер ұйымдастырылуда. Қатаң шаралар жүргізіліп жатса да құлаққа ілмейтіндер өкінішке қарай азаймай отыр.

Түркістан қаласында орналасқан дүкендердің бірінің сатушысының бетпердесіз қызмет көрсетіп жатқандығы анықталды. Күн сайын қаншама адамға қызмет көрсететін сатушыға карантин талаптарын қатаң ұстану керектігі түсіндірілді. Бұл ең алдымен өзгелер үшін де, өз қауіпсіздігі үшін де аса қажеттігі айтылды.

 

Яғни, жалпы алғанда тамыздың екісінен бастап бүгінгі күнге дейін, үш күннің ішінде жергілікті полиция қызметінің учаскелік полицейлері карантин талаптарын бұзғандарға ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша 49 әкімшілік хаттама толтырды. Аталған жайттар бойынша іс құжаттар жинақталып, Түркістан қалалық Тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.

Қазіргі жағдайға байланысты бетперделік кезеңді қатаң ұстау жөнінде ұдайы түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.

Айбар Нұргелдиев