Келес аудандық полицейлері карантин кезінде той жасаған тұрғындарды анықтады

151

 

Келес ауданының полицейлері Абай ауылындағы жергілікті тұрғынның бірі өз үйінде 50-ге жуық туыстарын жинап, «Қыз ұзату» тойын өткізіп жатыр деген хабарлама алысымен мобильдік топпен тез арада көрсетілген мекен-жайға жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде той тоқтатылып, той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша хаттама толтырылған.

Ауданда осыған ұқсас тағы бір жайт Біртілек ауылында тіркелді. Онда жергілікті тұрғын карантин режиміне қарамастан өз үйіне 30-ға жуық адам жинап, келін түсіріп, «Беташар» тойын өткізген. Той иесіне қатысты заңға сәйкес әкімшілік шара көрілді. Карантиндік шаралар енгізілгеннен бері Келес ауданының полицейлері рейдтік және профилактикалық іс-шаралар барысында 93 құқықбұзушылықты анықтады, оның ішінде 2 жайты үйлену тойы мен отбасылық жиындарды ұйымдастыру.

ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша Келес ауданында анықталып, жинақталған материалдар тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберіліп, 49 құқықбұзушы азаматқа қатысты іс қаралып, оларға 2 миллионға жуық айыппұл салынған.
Келес аудандық полицейлері Covid-19 коронавирустық инфекциясына байланысты эпидемиологиялық жағдайдың күрделенуіне орай карантиндік режимнің сақталуын бақылау бойынша іс-шаралар жүргізуді жалғастыруда. Мобильді топтар азаматтардың, сауда және ойын-сауық орындарының, дүкендер мен базарлардың иелерімен, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда, қоғамдық көліктерде және көшелерде карантин мен өзін-өзі оқшаулау режимінің сақталуын тексеруде. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты жүргізілетін болады.