Редакцияға хат жолдаған кейіпкеріміздің «Қыз керек емес, ұл керек» дейтін әкелерге айтары бар екен. Ол «бұл хаты өз әкесі сияқты еркектердің бірінің болмаса да бірінің қолына түсер немесе басқа біреу арқылы оқиғадан хабардар болар» деп үміттеніп, жан сырын оқырмандарға газетіміз арқылы жария етуді жөн көріпті. Кез келген адамға ой салар хикаяны оқып, ой-пікір білдіріңіз.
Сәлеметсіздер ме? Біреудің басынан өткен оқиға біреуге сабақ болмаса да сол жағдайдан тәубесіне келетін адамдар да болады. «Хикаямды баяндасам, ойланатын адамдар болар» деп хат жазуды жөн көрдім.
Газеттен қыз баланы бала көрмейтін күйеуі бар әйелдердің әңгімесін оқып, осы хатты жазуға шешім қабылдадым.
Отбасымызда 2 ұл, 3 қызбыз. Ата-анам шаңырақ құрғаннан кейін қатарынан 3 қыз дүниеге келеді. Әкем ұлды болуды армандап, бұған көңілі толмаған. Қыздарына көз қиығын да салмаған. Тіпті анамызды үнемі «қыз тудың» деп балағаттап, қол жұмсаған кездері де болды.
Үйдің тұңғышымын. Үшінші қыздан кейін анам балалы болуға қорықты. «Тағы да қыз болса не істеймін» деп күйзеліске түсті. Кішкентай болсам да анамның қиналысын сезетін едім. Жаныма бататын.
Үш қыз тез есейдік. Күліп-ойнап, әкемізге еркелеуді мүлдем білмедік. Ол жоқта әңгіме айтып, аз да болсын көңілді жүреміз, ал әкеміз үйге оралса, бізден маза қашатын. Бөлмемізден шықпай, көзіне көрінуден қорқамыз, өйткені әкем кейде қыздарын еш себепсіз ұратын. Тамақ ішсек те жақтырмайтын. Сөйлеген сөзімізден де мін табатын. Қысқасы отырсақ опақ, тұрсақ сопақ болдық. Сол себепті де анам бізді оның көзіне көрсетпеуге тырысып, шай-тамағын өзі беретін.
Қыз бола тұра әкеміздің жұдырығын ерте сезіндік. Бір күні «нанды дұрыс шайнамадың» деп аузымнан қатты ұрғаны бар. Небәрі 7 жасар болсам да сол бір сәт әлі күнге көз алдымда қалып қойды. Жүрегімнің түбінде әкеме деген реніш әлі сақталып қалды. Анам үш қызын алып кетпек те болды. Алайда әке-шешесі жоқ, тек бір әпкесі мен ағасы ғана бар. Олардың да жағдайы мәз емес. Өзі жұмыс істемеген соң «өмір сүре алмай қаламын» деп қорқып, күйеуінің теперішіне көніп жүре берді.
Анамыз төртіншісіне аяғы ауыр болған кезде сіңлілеріммен қосылып, ұл болуын тіледік. Шешем күнде алақанын жайып Жаратқанға жалынып отыратын. Не тілеп отырғанын естімесек те ұл тілейтінін білетін едік.
Уақыты жетіп ұл баланы дүниеге алып келді. Сол кездегі әке-шешемнің қуанышын айтып жеткізе алмаймын. Әкем туған-туыс, дос-жаранына жағдайы келгенінше той жасады.
Міне, сол кезден бастап үйіміздің ханзадасы болған інімді кішкентайынан бетіне қарамай өсірді. Оның алдында біз тұрмақ шешем де құрша жорғалайтын. Әкеміз солай тәрбиеледі. Араға екі жыл салып, кенже ініміз дүниеге келді.
Үш қыз және анам төртеуіміз «сол екі ұлдың құлы болдық» десек артық емес. Әкемнің көзі сол екеуінен басқасын көрмейді. Жақсы киімді солар киді, дәмді тағамды жеді, олардың айтқаны екі етпей орындалатын. Қатты бай отбасы болмасақ та жағдайымыз өзімізге жететін. Әкем екі ұлынан ештеңе аямады.
Осылайша уақыт өтіп жатты. Бір-біріміздің ескімізді киіп, үш қыз бірімізді біріміз жетелеп күн кештік. Сабағымызды жақсы оқыдық, үй шаруасына да пысық болдық.
Анашым «барған жерлеріңде сыйлы болыңдар» деп барынша жақсы тәрбие беруге тырысты. «Енді жақсы жар тауып, бақтарың сол жақта ашылса екен» деп тілеп жылап отыратын. Екі інімді бетіне қарамай өсіргені болар, екеуі де анама қарсы шығатын. Шешеміз деп сыйлауды білмейтін. Қылықтарына қарап кейін әке-шешемізді қарайтын жігіттерден қорқатын болдым. Осылайша уақыт зымырап ағып, үш қыз да тұрмыс құрдық.
Анамның тілегі қабыл болып, үшеуіміз де жақсы жандарға жолықтық. Бірінші інімді үйлендеріген соң, анамыз өмірден өтті. Кетер алдын үшеуімізге қандай жағдай болса да әкемізге көз қырымызды салуымызды өтінді. Ол әкелік борышын жеткілікті өтемесе де бізден перзенттік борышымызды өтеуімізді айтты. Өзі кеткен соң екі ұлы оған қарамайтынына сенімді еді.
Рас ойлапты, анам кеткесін екі інім әкесіне қараған жоқ. Бір-бір қыздың етегінен ұстады да басқа қалаға кетіп қалды. «Әкелеріңді ала кетіңдер» деген сөзімізді тыңдамады. Әкеміз үйде жалғыз тұрды. Біз кезекпен барып, кірін жуып, үйін тазалап кетіп тұрдық. Еңсесі түскен ол бізбен сөйлескісі келмейтін. Ұялатын сыңайлы. Бір күні екі інімізден «әкелеріңе қарайсыңдар ма, жоқ па?» деп сұрағанымда, қарамайтындарын ашып айтты. «Егер сендер де қарамасаңдар қарттар үйіне өткізіңдер» деді. Осы сөзді ұялмай екеуі де айтты. Қатты жыладым.
Әкемнің үш қызына адам ретінде қарамаған кезі есіме түсіп, менің де оны далаға қалдырғым келген кездер болды. Ол аяғы ауырып кейде жатып қалатын. Қозғала алмай, төсек тартып жататын кездері жиіледі. Қарттар үйіне өткізгім келді, бірақ дәтім жетпеді. Жасай алмас едім. Анамның тапсырғаны да бар.
Күйеуім өте жайлы адам болған соң келісімін алып, өз қолыма алдым. Солай 8 жыл менің қолымда болды. Аяғын жуып, тамағын берген кездерімде кемсеңдеп жылайтын, сөйлесуден ұялатын. Екі сіңлім арасында келіп қарап кететін. Үшеуіміз бар махаббатымызды арнадық. Оны далада қалдыра алмайтынымыз анық еді. Осылайша біздің алдымызда қатты ұялған күйі өмірден өтті. Ал екі ұлы топырақ салуға зорға келді.
Міне, «қыз керек емес» деп бізді жек көрген әкеміз қартайғанда қыздарын паналайтынын қайдан білсін?
Бұл оқиға жақындарымыздың, бізді білетіндердің бәріне сабақ болды. Адамдардың аузында мысал ретінде айтылып та жүрміз.
«Бізді білмейтіндерге де сабақ болса екен» деген ниетпен хат жолдадым.
Қазір көп болмаса да әлі де менің әкем сияқты ойлайтын еркектердің бар екенін білемін.
Егер сондай жандардың қолына түсіп, менің хатым оларға сәл де болсын дұрыс ой салса, қуанар едім. Хат жазудағы басты себебім де осы.

Жанерке ХУМАР

«Оңтүстік Рабат», №34, 20 тамыз 2020ж