Алексей Цой түркістандық дәрігерлердің жұмысын жоғары бағалады

177

 

Түркістан облысында респбликада жоқ көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Нысанның жобасымен өңірде іс сапармен жүрген Денсаулық сақтау министрі танысты.

Алексей Цой қаладағы өзге медициналық ұйымдарда болып, тыныс-тіршілігін байқады.

Аймаққа іс сапармен келген министр ең алдымен көне қалада салынып жатқан 630 орындық көпбейінді облыстық аурухананың құрылыс басына барды. Жаңа ауруханада ота жасау бөлмелері, жоспарлы және жедел медициналық көмек көрсету бөлімдері қарастырылған.

Онда 1 жарым мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейтін болады. Қазіргі таңда нысанның монолитты іргетасы құйылуда. Құрылыс жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарлануда. Министр мұнан соң қалалық орталық емханада болып, ондағы жұмыс барысын бақылады.

500 келушіге лайықталған нысанда коронавирус инфекциясымен күресу үшін 18 мобильді топ құрылған. Сондай-ақ емхананың базасында індетті анықтайтын вирусологиялық зертхана бар. Осы күнге дейін 40 мыңға жуық азаматтан сынама алыныпты. Ақуалды көзбен көру үшін елордадан арнайы келген еліміздің бас дәрігері жергілікті мамандардың жұмысын өзінше бағалады.

Алексей ЦОЙ, Денсаулық сақтау министрі: «Қазір цифрлық дамудың арқасында аймақтардағы жұмыстарды жіті бақылап отыруға мүмкіндік туып отыр. Қай өңірдің медицина қызметкерлері қалай жұмыс істеп отырғанын да білетін болдық. Түркістан облысына келер болса, мұндағы мамандардың жаңашылдығын айтқан болар едім. Сондықтан да олардың жұмысын жоғары бағалаймын».

Денсаулық сақтау министрі сапар соңында Түркістан қаласында жаңадан бой көтеріп жатқан модульді жұқпалы аурулар ауруханасында да болды. Емдеу мекемесі 200 төсек—орындық. Нысанның құрылысы жоспарланған аймақта барлық қажетті инженерлік желілер мен көлік инфрақұрылымы қарастырылған.

Мақпал Рысбаева