Түркістан: Биыл 88 мың адамды жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылып жатыр

43

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте халықты жұмыспен қамту шаралары бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесі қаралды. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, «Еңбек» бағыты бойынша жыл басынан бері 86 686 адам жұмыспен қамту шараларына қатысып, жылдық жоспар 123,4 пайызға орындалған.

Биыл Түркістан облысы бойынша 88 мыңнан астам адамды үш бағытта жұмыспен қамту шаралары жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда 70 мыңы 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде, 7 мыңнан астамы Ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындары аясында, ал 10 мыңнан астамы «10 мың тұрғынға 100 орын» бағытында жеке бастамалар арқылы жұмысмен қамтылады.

Әсия Темірбаева, Түркістан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы: «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын ашу» бағдарламасы бойынша бұл Түркістан облысында 10 854 жұмыс орындары ашылу керек. Бұлардың негіздеме ретінде жеке бастамалар салық органдарында жаңадан тіркелген кәсіпкерлер, орта және шағын бизнесте ашылған жұмыс орындары негізге алынады. Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысымен жеке бастама бойынша 13598 жұмыс орындары ашылды».

Биылдан бастап Ұлттық жобалар шеңберінде іске асырылатын барлық жобаларда жұмыс орындарын ашу көзделген. Оның ішінде облыс бойынша 364 жоба аясында ашылған 5 мыңға жуық бос жұмыс орны электронды еңбек биржасында жарияланды. Осы арқылы жұмыссыз жүргендердің 70 пайызы екі қолға бір күрек тапты. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аппарат жиынында жұмыспен қамту шараларын күшейтіп, әлеуметтік төлемдердің дер кезінде жүзеге асуын қатаң қадағалауды тапсырды.

Жиналыста бюджет қаражатының игерілеуі де пысықталды. Жыл басынан бері облысқа 111,8 млрд. теңге кіріс түседі деп жоспарланған еді. Алайда, бүгінде кіріс көлемі 115,2 млрд. теңгені құрап отыр. Яғни, жоспар 3,4 млрд. теңгеге артығымен орындалды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды қаражатты толық әрі сапалы игеру бойынша тиісті шаралар қабылдау қажет екенін айтты.