«Маған сенетін күйеуіме қиянат жасадым»

248

Отбасын құрып, балалы болғанда алғашқы махаббатын кезіктіріп, шалыс басқан кейіпкеріміз хикаясын бастан-аяқ айтып берді. Ол не істерін білмей, амалы таусылғанын, проблемасын шешуге кеңес беріп, жол көрсетер ешкім жоғына қынжылады. Осылайша газетіміздің «Психолог бұрышы» айдарына жүгініпті. Күйзелісте жүрген кейіпкеріміз «жағдай жақсармаса, күйеуіммен айырылысып кетуім мүмкін» дейді. Отбасын сақтап қалғысы келетін, бірақ қандай амал жасарын білмейтін кейіпкер хикаясын өз өтініші бойынша психологтарымызға да қаз-қалпында жолдадық. Бәлкім тап осындай не осыған ұқсас оқиға басқа да адамдардың өмірінде болып жатқан шығар, деп хикаясын газетімізге жарияладық.

«НЕКЕ ӨМІРІМДІ ӨЗГЕРТТІ»

«Ұяң, ата-ананың айтқанынан шықпайтын, тәртіпті, көпшілік назарын өзіне аудара бермейтін қарапайым қазақ қызы болып өстім. Мектепте де көптің алды не артында емес, ортасында жүрдім. Сабақ үлгерімім де орташа. Тәртібім жақсы болатын. Ұстаздарым үнемі мені мақтап отыратын. Алайда мұғалім мақтауына ілінсем де бір де бір жігіттің көзіне түспеппін. Сыныптағы қыздар жігіттерін айтып мақтанғанда мен бір шетте үнсіз отыратынмын. Не керек, осылай жүріп мектепті де тәмамдадым. Жоғары оқуға түстім. Университетте де ынжық мінезімнің кесірінен бір де бір жігітпен жақын араласпадым, қыз бен жігіт махаббатын сезінбедім. Сөйтіп жүргенімде алып қашудың құрбанына айналдым».

Өзін Айнагүл (аты-жөні өзгертілген-ред) деп таныстырған кейіпкеріміз содан бастап өмірі күрт өзгергенін айтады. Ұяң да байсалды, тіпті ынжық қыздан өзіне сенімді, тәкаппар, өркөкірек келіншекке айналыпты.

«Тұрмысқа шыққан сәттен бастап өз-өзімді танудан қалдым. Мінезім 180 градусқа өзгеріп шыға келді. Жолдасымды сүймейтінмін. Сондықтан болса керек, махаббатсыз, шынайы сезімсіз құрылған некені қабылдай алмадым. Бірақ, ажырасуға асықпадым. Жолдасыммен ақ төсекті бөлісіп, күндеріміз де, түндеріміз де зымырап өтіп жатты».

Оның сөзінше, күйеуін сүймесе де ажыраспай, бірге өмір сүруіне нақты бір себеп болыпты. Күйеуі өте қуатты еркек болған соң да 13 жыл бойына бірге тұрып келген.

«сезімге еріп, шалыс бастым»

«Сүймеген адаммен бірге өмір сүру қиын екен, әсіресе бұл қиындық екеуміз жақындасқанда өршиді. Алайда адам уақыт өте бәріне де көндігеді екен. Күйеуің сен дегенде ішкен асын жерге қойып, алақанына салып аялап отырса амал нешік. Бәріне де көніп, төсекке де үйренесің».

Осылай өмірі өтіп жатқан Айнагүл күндердің күнінде мектепте өзі құлай сүйген сыныптасын кезіктіреді. Кезінде Айнагүлге көз қырын салмаған сыныптасы бұл жолы Айнагүлді айналшықтап кетпей қояды. Әдемі сөздерін қарша жаудырып, үйден жұмысқа, жұмыстан үйіне дейін шығарып салып жүреді. Екеуі де отбасылы. Балалары бар. Бұл да олардың кездесуіне тоқтау бола алмайды. Бала күнінен жүрегінің түкпірінде қалып қойған махаббат Айнагүлдің басын шыр айналдырды. Кезінде қолы жетпей, қап, әттеген-ай болған сыныптасы енді міне дәл алдында, құрдай жорғалап жүр. Айнагүл бұл мүмкіндіктен айырылып қалғысы келмеді.

«Талғат – менің бала махаббатым. Мен оны үшінші сыныптан сүйетінмін. Бірақ сол кезде ол мені байқамайтын да. Сыныптағы басқа сұлу қыздармен араласатын. Ал маған көз қырын да салмай, мұрын шүйіретін. Бірақ, мен оны сүйдім. «Күндердің күнінде мені байқайды, менікі болады» деп армандап жүргенімде басыма ақ орамал түсіп ойламаған тұстан жар атандым. Бірақ, Талғатқа сезімім өшкен жоқ. Керісінше, менің оған деген сезімім күн өткен сайын арта түсті. Жолдасыммен қосылғанда Талғатты елестететінмін. Талғат мені пәтеріне шақырғанда еш қымсынбадым».

ӨТКЕН ІСКЕ ӨКІНІШ

Пәтердегі қатынастан кейін Айнагүлдің Талғаттан көңілі қалды. Бала махаббаты сол түннен кейін бой көрсетпеді. Ал Айнагүл күйеуіне опасыздық жасағанына қатты өкініп, сол өкініші маза бермей келеді. Күйеуі Айнагүлді қатты сүйеді және сенеді.

«Жолдасым жанымда болғанда да Талғатты ойлайтынмын. Ал Талғатпен жақындасқанымда Талғатқа дегенім ынтық сезімім болмады. Қазір істеген ісіме қарасам, ақымақ болғанымды түсінемін. Бірақ, амал нешік. Сол қателігімнен кейін де күйеуіме жақындай алмай жүрмін. Өзімді лас, күйеуіме лайықсыз адам сезінемін. Не істесем болады? Өзімді түсінуден қалдым. Жолдасым да маған жолай алмай, қиналып жүр. Қайтпек керек?».

Қиял мен шынайы өмірдің аражігін ажырата алмаған Айнагүлдің шақша басы шарадай болыпты. Ол тұрмыс құрып құрып, әйел-ана атанса да, күйеуімен емес, бала күнгі «махаббат елесімен» өмір сүріп келген. Сол «елестің» шынайы емес екенін білгенде қатты күйзелді. Күйеуіне опасыздық жасағаны өзіне ауыр тиді. Не істерін білмей дал болған кейіпкерімізге психолог айтарын алдағы нөмірлерде жариялаймыз.

Жазып алған – Айжан Ермекқызы

«Оңтүстік Рабат», №37, 10 қыркүйек 2020 ж