Шетелдіктің көліктерін сатып жіберген күдікті ұсталды

117

 

Бүгінде тәртіп сақшылары қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу мақсатында күні, түні тынбай жұмыс атқаруда. Нәтижелі жұмыстың арқасында араға айлар салған атышулы қылмыстық істер ашылып, азаматтардың алғысын алуда.

Өз еңбектерін адал атқарып жүрген тәртіп сақшылары жуырда Тәжікстан Республикасының азаматы алғысын жаудырды. Оқиға былай өрбіген… Мамыр айында Тәжікстан Республикасының азаматы Тәжікстан Республикасының азаматы биылғы жылдың мамыр айында Қапланбек шекара бекеті маңындағы автотұраққа 9 автокөлігін қойып кетеді. Арада бірнеше айлар өткенде автұрақта тұрған 9 дана автокөлігін белгісіз тұлғалар жымқыру мақсатында сатып жібергенін біледі. Көмек сұрап, Сарыағаш АПБ-не арызданады.

Бір емес, бірнеше көлікті жоқ қылып жіберген ұрыларды ұстау үшін аудандық полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы оқиға орнына келіп, кешенді шұғыл-іздестіру шараларын жүргізді. Ыждағатты іздестіру нәтижесінде жедел уәкілдер күдіктілердің жеке-басын анықтады.

Олар шетелдіктің көліктерін сеніп тапсырып кеткен автотұрақта жұмыс істеген әйел мен оның ұлы болып шықты. Көліктерді жымқырған күдіктілер жұмыс орындарын тастап, жасырынып үлгерген. Полицейлер індете іздестірудің арқасында күдіктілерді Қазығұрт ауданындағы туысының үйінен тауып, ұстады.

Тергеу барысында «басты кейіпкер» өткен жылы алаяқтық жасап, 3,5 жыл мерзімге бас бостандығынан шектеуге сотты болғаны анықталды. Аузы күйсе де, үрлеп ішуді үйренбеген күдікті қайта қылмысқа барған. «Оңай олжаға батамыз» деп анасын көндіріп, қылмысына ортақтастырған. Көліктердің алтауын Шымкент қаласында 5 миллион теңгеге сатып жіберген. Ал, қалған көліктерді Сарыағашта бөлшектеп 2,5 миллион теңгеге саудалаған. Оңай келген ақшаны тез арада жұмсап жіберген.

Күдіктілердің қылмысы ҚР ҚК-нің 189-бабынан, 188-бабына қайта дәрежеленіп, қамауға алынды. Көліктер заңды иесіне қайтарылды.

Әрине, қылмыс ауылын айналшықтап жүрген күдіктіні заң басынан сипамайтыны анық. Оның қайталап жасаған әрекеті жазасын ауырлатпаса жеңілдетпейтіні айдан анық.

Айхан Бердімұратова