Бүгін Шымкентте маммологиялық орталық ашылды. Емдеу мекемесінде тек қала тұрғындары ғана емес, Түркістан облысының шаһарға жақын орналасқан аудандарында тұратын қыз-келіншектер де қызмет ала алады.
Мұнда сүт безінің қатерлі ісігіне диагностикалық зерттеулер жасалып, тиісті ем-дом шаралары жүргізіледі.
Елуді еңсерген Зүбайра Көкенованың сүт безінің қатерлігі ісігіне шалдыққанына 4 жылдай уақыт өткен. Келіншектің дерті бастапқы сатыда. Сондықтан да кезекті скринигтік тексерулерде анықталған аурудың тиісті ем-дом шаралармен бетін қайтаруға мүмкіндік бар екен.
Зүбайра КӨКЕНОВА, Шымкент қаласының тұрғыны: «А4 сүт безі анықталды. Алаңдайтындай ештеңе жоқ. Дәрігерлер қазір емдеп жатыр. Ем-шараларды уақытылы алып жатырмын. Осыған дейін емханаларда ем алып келгенмін, бүгін осында келдім».
Сүт безінің қатерлі ісігінің дендеп кетуін алдын-алу үшін бүгін Шымкентте маммологиялық орталық ашылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында қолға алынған емдеу мекемесінде тек қалалық қыз-келіншектер ғана емес, Түркістан облысының шаһарға жақын орналасқан аудандарында тұратын әйелдер де қызмет ала алады. Мұнда сүт безінің қатерлі ісігіне диагностикалық зерттеулер жасалып, тиісті ем-дом шаралары жүргізіледі. Заманауи аппараттардың көмегімен мамандар тіпті ота да жасай алады.
Ержан СҮЛЕЙМЕНОВ, орталық директоры: «Жапониядан алдырған қондырғымен 1 милиметрге дейінгі ісіктерді анықтайды. Диагностикалық скрининг жүргіземіз. Кульминациялық зертхана бар, реабилитация жасалады».
Қазақстан бүгінде сүт безі қатерлі ісігі ең көп тараған елдердің көшін бастап тұр. Елімізде соңғы 20 жылда қауіпті дерт түрлері көбейген. Сондықтан да 40-70 жас аралығындағы әйелдер тиісті скринингтік тексерулерден тегін әрі ұдайы өтіп тұрады. Айта кетейік, қалада қазір 6 жарым мың науқас түрлі онкологиялық аурулармен есепте тұр.
Мақпал Рысбаева