Жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 172 мектепте 222 мың оқушы білім алады. Бірінші тоқсанда қашықтықтан оқыту форматы сақталады. Соған қарамастан мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған 24 160 бүлдіршіннің 14 940-ы үшін ата-аналардың өтініші негізінде 996 кезекші сынып ашылды. Әр сыныпта санитарлық нормаларды сақтай отырып 15 бала оқиды.
1 қыркүйек – Білім күні мерекесіне орай шаһар басшысы Мұрат Әйтенов барша ұстаздар мен шәкірттерді онлайн режимде құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.
— Білім күні, шын мәнінде, жалпыхалықтық мерекеге айналды! Бұл мейрам әрбір адамның өмірінде алар орны ерекше. Бүгінгі күн, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш рет аттап отырған балалардың жүрегінде мәңгі сақталады. Биыл пандемияға байланысты оқу жылы қашықтықтан басталып отыр. Алайда, қала мектептері оқу процесіне дайын. Осы жылы Қазақстанда үш маңызды дата атап өтілуде: Әл-Фарабидің – 1150 жылдығы, Абайдың – 175 жылдығы және Шәмші Қалдаяқовтың – 90 жылдығы. Осы тұлғаларды балаларымызға үлгі етуіміз керек. Білім – адамды ақылды, рухани тұрғыда күшті етеді. Өмірде жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Баршаңызға табыс, төзім және терең білім алуға деген құлшыныс тілеймін, – деді қала әкімі.
Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы әрбір оқушының жетістігінде ұстаздардың орасан еңбегі жатқанын атап өтіп, Абай Құнанбайұлының «Ғылым таппай мақтанба» атты өлеңін оқып, барлық білім алушыларға челленджді жолдады.
Айта кетейік, қаладағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-гимназиясының ашылуы қуанышты оқиғалардың бірі болды. Шымкентте жыл сайын мектеп оқушыларының саны 12 мыңға көбеюде. Мектептердегі орын тапшылығын болдырмау мақсатында ауқымды жұмыс атқарылуда. Нәтижесінде биыл апатты мектептер саны 2-ден 1-ге, үш ауысымды мектептер саны 19-дан 14-ке азаяды.