Қоғамдық кеңесте төтенше жағдайлардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қайрат Бекбауов атқарылған жұмыстар туралы баяндап, кеңес мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Сонымен, басшы сала бойынша туындаған сауалдарға толық жауап бере алды ма?
Шымкент қаласының Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының басшысы Қайрат Бекбауовтың айтуынша, биыл қалада аумақтық қорғаныс бағытында бірқатар әскери оқу-жаттығулар өткізілген. Атап айтқанда, 50120 әскери бөлімінің қатысуымен командалық-штабтық және тактикалық-арнаулы оқу-жаттығулар ұйымдастырылып, әскери міндеттілер жұмылдыру іс-шараларына тартылған. Сонымен қатар, апатты жағдай туындаған сәтте халықты бір жерге эвакуациялау, құлақтандыру бойынша бірқатар тындырымды тірліктер атқарылған. Алайда, кеңес мүшелері бұл ақпаратқа сеніңкіремеді ме? Жауапты маманды сұрақтың астына алды.
ҚАЙРАТ БЕКБАУОВ, ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Шымкент қаласы бойынша халыққа қауіп-қатер төндіретін апатты жерлер бар. Енді мен сізге айтайын 39 бар. Бадам өзені жағасы бар. Ол жерге ақша бөлініп істейін деп жатыр. Жобалық смета. ТЖ Департаменті айналысады».
«Энзода не бар? Склад бар ма?»
«6 мың квадрат бар. Өтірік айтпасам, 40 пайыздан аса сатып алынды».
Кеңесте Қайрат Бекбауов жұмыстардың жүріп жатқанын түсіндіруге тырысты. Сондай-ақ, алдын-алу бойынша бюджеттен ақша қаралып, істің ілгерілегенін жеткізді. Десе де, жиынға қатысушылар, бұл жұмыстар аздық етеді деп отыр. Яғни, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, оқу-жаттығуларын жиі өткізу қажет деп санайды.
ҚАЙРАТ БЕКБАУОВ, ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Аудан әкімдері барлығы біледі. Қай ауданның қайда баратындарын. Білмесеңіздер естеріңізге салып берейік. Ал, жеке үйлерде бөлектеу. Ал ЖК -ларда, көпқабатты үйлерде есік алдында тұр. Кьюар код бассаңыз, бәрі көрініп тұр. Қайда бару керек. Не істеу керек».
ӘБДІБАҚЫТ МАҚҰЛБАЕВ, ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ МҮШЕСІ: «Шынында білмейді, ертең бір сел жүріп қалса, айтқан жерден аулақ. Сіздер оны әрбір тұрғынға жеткізу керексіздер ғой. Жұмыстың маңыздысы осы ғой. Қаланың 60 пайызы жеке секторда тұрады. Арыс қаласында не болғанын білесіздер, көшеге шығып кетті бәрі. Оқу жаттығу өткізіп, барлығын хабардар еткенді мен байқаған емеспін».
ҚАЙРАТ БЕКБАУОВ, ЖҰМЫЛДЫРУ ДАЙЫНДЫҒЫ, АУМАҚТЫҚ ЖӘНЕ АЗАМАТТЫҚ ҚОРҒАНЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: «Техникум болсын, колледж болсын, мектепте оқитын адамдар, есік алдында тұр, хабарландыру деп жатсыз ғой. Шымкент қаласында төтенше жағдайларды жедел құлақтандыру жүйесін енгізу туралы пилоттық проект болды. Біз соған көштік. Ол Алматыда. 2024 жылдан бастап. 1414 — пен келеді. Қазір 60 секундта келеді. Былтыр осыны енгізу үшін 23 млн теңге договорға тұрдық. Биыл 167 млнға істеп жатыр».
Сондай-ақ, биылғы бес айда қаладағы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет мекемелері мен ірі кәсіпорындарда 496 сейсмикалық оқу-жаттығу өткізілді деді басқарма басшысы. Оған 148 мыңнан астам адам мен 2400 техника жұмылдырылған. Бұдан бөлек, әуежай, теміржол вокзалы, сауда орталықтары, базарлар және тұрғын үй кешендерінде 9 өрт-тактикалық жаттығу ұйымдастырылған.
Нұргүл Жолымбетова






